Ұлытау өңірінде құнды археологиялық қазба табылды. Ұлытау ауылы маңынан сақ дәуірі жауынгері жерленген қорымды ашқан ғалымдар: «Тарихи тың жәдігерлер ұлы даланың сан қырлы екенін дәлелдей түседі», — дейді. Киелі мекеннен табылған экспонаттар ірі музейлердің алтын қорын толықтыра түспек. Темір ғасырында тіршілік еткен адамды алтын әшекейлер мен қару-жарақ және ат әбзелдерімен қосып жерлеген. Мамандар бұл шамамен 2 мың жыл бұрын өмір сүрген көшпенді сақ тайпасының әскербасының бейіті деген болжам айтып отыр. Нақты деректер жан-жақты сараптамалық зерттеуден кейін белгілі болады.
СЫРЫМ ЕСЕН, АРХЕОЛОГ:
— Ескерткіштің негізгі құрылысы топырақтан үйіліп, сыртынан таудың қиыршық тастары төселген. Құрылыс ерекшелігіне және жерлеу дәстүріне қарап, бұл ескерткішті «Тас мола» мәдениетіне жататын сақтардың ескерткіші деп бағалап отырмыз әзірше. Ескерткіш ішіне бір адам жерленген. Әлеуметтік мәртебесі жоғары адам болуы керек, шашына оралған алтын қаңылтырдан иректеп жасалған бұйымдар бар. Оған қоса, оң жамбасының тұсында жебенің ұштары бар. Демек, бұл сақтарға тән атрибуттық белгілер.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.