Центральный ауылында мектеп жабылады – ата-аналар наразы

Қарағанды облысындағы Центральный ауылында мектептердің бірі жабылғалы жатыр. Осыған байланысты ата-аналардың білім басшылығына деген өкпелері қара қазандай. Жауаптылар оқу орны стандартқа сай емес деген. Тиісті көрсеткіштерге қол жеткізе алмағандықтан, оқушыларды мектептерінен біржолата аластатпақшы екен.
Центральный ауылының оқушылары далада қалғалы тұр. Себебі білім ошағының есігіне қара құлып салынбақ. 5 пен 11 оқушылары үшін мектептің жабылатынын естіген ауыл тұрғындары енді қайда барарын білмей дал.
КРИСТИНА КАРТАШОВА – ЦЕНТРАЛЬНЫЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
– Сонда мен 10 жастағы ұлымды жетімдер үйіне тапсыруым керек пе? Көрмей, тәрбиелемей отыруым керек пе? Мектебіміз керемет, мұғалімдеріміз білікті еді. Балаларымыз үздіктердің қатарында болатын. Түлектеріміз грантқа түсіп, шәкіртақы алып жүр.

Аудандық білім бөлімінің өкілдері бұдан проблема көріп отырған жоқ. Оқуды Центральный ауылынан Осакаровкадағы лицей-интернатқа көшірмек. Бірақ бұған ата-аналар қарсы. Өңірдің қысы қатты екенін ескерсек, балаларды 30 шақырым жердегі мектепке тасымалдау үлкен мәселеге айналатынын алға тартады. Көктайғақ пен боранның кесірінен оқушылар аптаның бес күні Осакаровкада қалып қоюы ғажап емес.

ИРИНА СМАГАРС – ЦЕНТРАЛЬНЫЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
– Боран тек ауыл ішінде ғана емес, Осакаровкаға дейінгі жолда да болады. Пионерское ауылына дейін де. Таңғы 8-де жол тазартылмайды. Түске таман ғана жол ашылады. Сонда біз таңғы 6-да не істеуіміз керек? Ат жегіп, шанамен алып шығуымыз керек пе? «Қатты боранда, аязда – қашықтан оқытамыз», – дейді. Бірақ боран кезінде ауылда жарық болмай қалады. Сәйкесінше – байланыс та өшеді.

Мектептің жабылуына білім ошағының былтыр аттестациядан өте алмауы себеп болған. 14 мұғалімнің бесеуі қосымша жұмыс істеп келсе, қалғандарының біліктілігі жеткіліксіз болып шыққан. Тіпті директордың өзі сай емес. Осы ретте оқытушылар ауылды жерде қаладағы ұстаздармен тең дәрежеде нәтиже көрсету қиын екенін айтады.
ОЛЬГА ЕГОРОВА – №32 НЕГІЗГІ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Қосымша еңбек етіп жүргендер штаттағы қызметкер саналмайды. Сапалы құрамға да жатпайды. Сол себепті мектептің жағдайы ақсап тұр. Шағын мектептердің басты проблемасы осы. Штаттағы мұғалімдеріміз – модератор. Ал біліктілік арттыру мен аттестациядан өту мәселесіне келер болсақ, ол үшін нақты ережелер мен мерзімдер қарастырылған.
Білім бөлімінің өкілдері қазір ең болмаса бастауыш сыныптарды сақтап қалуға күш салып жатқанын айтады. Бірақ кадр мәселесі шешілмесе, мектеп қайта аттестациядан өте алмаса – орта және жоғары сынып оқушылары өз мектебінен кетуге мәжбүр болады.
———————————————