«Ауру малдың өлексесін қала іргесінде өртеген дұрыс емес». Бұл- атыраулық қоғам белсенділерінің жанайқайы. Олар- ауаға түрлі зиянды зат тарап, экологиялық апат тудыруы мүмкін деп қауіптенеді. Ал жауапты орган өкілдері, мұндай нысан – қауіпті індеттің алдын алуға қажет деп отыр. Тараптарды аймақтағы әріптесім тыңдап келді.
Шыр-пыр болған қоғам белсенділерінің бірі – Таңат Нұрымов. Ол онсыз да экологиясы ақсап тұрған аймақ үшін бұл адам денсаулығына өте қауіпті екенін айтады. Сондықтан, қарсылық танытуда.
ТАҢАТ НҰРЫМОВ – БЕЛСЕНДІ:
— Онсыз да экологиямыз нашар ғой. Не себепті мал моласы қала аумағында орналасу керек? Сонда қауіпті ауру тарағанда жануарларды сол қала шетіне көмесіздер ме? Атырау облысының аумағы кең ғой. Әрине, мен оған қарсымын.
Жалпы аймақта жануар өлексесін жоятын 56 нысан бар. Бірақ 27 өртеу қондырғысы әбден ескірген. Сондықтан, жауапты мамандар мұндай нысандардың санын көбейту қажет деп отыр.
ЫҚЫЛАС АЗАМАТОВ, ҚАЛАЛЫҚ ВЕТЕРИНАРЛЫҚ СТАНЦИЯ БАСШЫСЫ:
— Жалпы бізге рұқсат берілген ондай нысандар қаладан 1000 метр қашықтықта болу керек. Бұл нысан қазір атыраудан 3 мың метр қашықтықта орналасқан. Сондықтан қала тұрғындарына ешқандай зардабы тимейді. Жыл 12 ай ол жерде мал өртелмейді ғой, тек ауру шыққан жағдайда өртеледі, болды.
Ал экологтар ауру жануарды өртеуге арналған пешті дұрыс қолданбаған жағдайда ауаға улы зат тарайды. «Әсіресе азот оксиді мен диоксиді, күкірт диоксиді мен көміртек бөлінеді», — дейді.
ЖАНСАЯ ЕРМЕКОВА, ЭД ЭКОЛОГИЯЛЫҚ РЕТТЕУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Департаментпен қоршаған ортаға әсерді бағалау есебі қаралып, оған қорытындысын бірнеше ескертумен берген жағдайда олар жұмыс жасауға рұқсатты екінші санат есебінде жергілікті атқарушы орган, яғни Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан алады.
Бірақ қоғам белсенділері бұл мәселеге аймақ басшысының араласуын сұрайды. Әрі нысанның салынуын түбегейлі құптамайтынын айтады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.