Қазақстанда ана мен бала өлімі азайды

Елімізде ана мен бала өлімі азайды. Бұған инновациялық емдеу тәсілдері мен скринингтік бағдарламалар оң әсер етіп отыр. Денсаулық сақтау министрі осылай мәлімдеді. Оның айтуынша, елімізде балалар патологиясын дер кезінде анықтау үшін жүкті әйелдер арасында генетикалық скрининг енгізілді. Кадр тапшылығы мәселесін шешу де жолға қойылған. Биыл 1 қыркүйектен бастап бала дәрігері мамандықтары бойынша резидентурада оқу басталады.
Ана мен бала саулығы – күн тәртібіне қойылған басты мәселенің бірі. Елімізде жүкті әйелдердің жағдайын жақсарту жолында озық емдеу тәсілдері мен скринингтік бағдарламалар енгізілді. Нәтижесіз емес. Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, биыл ана өлімі 10 пайызға, бала өлімі 26% азайған. Дегенмен кейбір өңірлерде жағдай көңіл көншітпейді. Қызылорда, Қостанай, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Абай облысында сәби өлімі жиілеген.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА — ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
— Нәресте өлімі себептерінің құрылымында бірінші орында перинаталдық кезеңдегі жағдай (47,7%), одан кейін туа біткен ақаулар (19,6%) және тыныс алу ағзаларының аурулары (7,6%). Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ұлытау облыстарында үй жағдайында тіркелген өлім-жітім көрсеткіші республикалық көрсеткіштен 2 есе жоғары.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, 44 медициналық мекеме олқылыққа жол берген. Ана мен бала өліміне қатысты бұл ұйымдарда тексеріс жүргізілген. Қазір отбасылармен патронаждық жұмыс күшейтіле бастаған.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА – ТІЛШІ:
— Үкімет басшысы Олжас Бектенов денсаулық сақтау министрінен маман тапшылығы мәселесін қалай шешіп жатқанын сұрады. Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бұл бағытта жас мамандарды тарту жұмыстары кешенді жүргізілуде. Мәселен, былтыр 162, биыл 159 педиатр ЖОО-нын тәмамдап, ауыл-аймаққа жұмыс істеуге аттанды. Ал 1 қыркүйектен бастап еліміздегі медициналық білім беру орындарында сұранысқа ие 14 бала дәрігері мамандығы бойынша резидентурада оқу басталады.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ — ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Елордада және өңірлерде жетекші клиникалар базасында оқу орталықтарын дамытып, мамандарды үздіксіз оқыту бағдарламаларын енгізуге тиіспіз. Сондай-ақ қауіпсіз босану жағдайларын жақсарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуі қажет. Ең алдымен, бұл перинаталдық орталықтарды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге қатысты. Біз дамыған елдердің көрсеткіштеріне жақындау үшін босану кезіндегі күрделі және қауіпті жағдайлардың алдын алу бойынша жұмысты күшейтуіміз қажет.
Осы ретте, елімізде балалар патологиясын дер кезінде анықтау үшін жүкті әйелдер арасында генетикалық скрининг енгізілді. Алдағы уақытта еліміздің 11 өңірінде қосымша 12 перинаталдық орталық салынады.
———————————————