Қауын-қарбыз маусымы: елорда базарларындағы баға қандай?

Қазір қауын-қарбыздың нағыз піскен шағы. Қай өңірдің қауыны тәтті және арзан? Тілшіміз Гүлвира Сейтен бүгін ғана елордадағы базарлардың біріне барып, жеміс бағасына шолу жасады.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН – ТІЛШІ:
— Тамыз – қауын-қарбыздың нағыз піскен шағы. Сауда орындары мен жол жиегіндегі сөрелерде бұл тәтті өнімдер үйіліп жатыр. Бірақ көз тартқан әр қауын – дәмді, әр қарбыз – шырынды бола ма? Базарға барып білдік.
13 жылдан бері қарбыз сататын Айсын Әдіров сапалы жемісті алыстан таниды. Қарбызды қаққанда бәсең дыбыс шықса, піскені. Қауынның хош иісі болса, ішіндегі дәмнің айғағы.

АЙСЫН ӘДІРОВ – САУДАГЕР:
— Піскен қауын иісінен білінеді. Ал қарбыз тоқылдағаннан біледі дейді ғой. Өзіміз солай таңдап береміз. Бізге қарбыз оңтүстіктен келеді. Бірінші Шымкент қаласынан келді, қазір Шудыкін сатып жатырмыз. Бағасы – 180 теңге.

Тәтті қауын мен піскен қарбызды дұрыс таңдай білу – нағыз өнер. Бір қарағанда бәрі бірдей көрінгенімен, шын мәнінде айырмашылық бар.

Тым жұмсақ, сыртына дақ түскен, жарылған жеміс – күмәнді тауар. Оның үстіне санитар-дәрігерлер қазір сатушыларға қарбызды сол бойда кесіп беруге рұқсат етпейді.

ЛӘЗЗАТ ШАЛҒЫНБАЕВА – ЗЕРТХАНА ДӘРІГЕРІ:
— Қарбыз бен қауынды көшеде, базарда кесіп алмаңыздар. Тек тексерілген жерден, үйге апарып, жуып-тазалап, кесіңіздер.
Санитар мамандар қауын-қарбызды маусымында, яғни қазір тұтынған қауіпсіз. Бітеу күйінде бөлме температурасында 1-2 күн, ал кесілген жемісті тоңазытқышта бір тәуліктен асырмай сақтау керек дейді. Қарбыздың қызылын іздеп, әуре болудың қажеті жоқ.

КӘМШАТ МҰРАТҚЫЗЫ – САНИТАР-ДӘРІГЕР:
— Тым қанық қызыл түсті қарбыздар, сонымен қатар дәмі жоқ қарбыздардың құрамында нитраттары болады. Яғни өсірген кезде тыңайтқыш ретінде нитраттарды қосты деген белгі болады.

Айтпақшы, сатушылардың айтуынша, қазір жастар қарбызды жасанды интеллектің көмегімен таңдайды. Чат GPT-ге біз де жүгіндік. Ақылды құралға бірнеше жемістің фотосын жүктеп едік, ол бізге піскенін тауып берді. Санитар-дәрігерлер сауда нүктесінде қарбызды кесіп жеуге тыйым салғандықтан, чат GPT-дің қаншалықты дұрыс таңдау жасағанын редакцияға келгенде бір тексердік.

ГҮЛВИРА СЕЙТЕН – ТІЛШІ:
— Қазір мына қарбызды жеп көреміз. Чат GPT таңдап берген қарбыз. Түсі соншалықты қызыл емес. Қазір дәмін көремін. Сосын айтамын жауабын. Ммм, дәмі күшті.
———————————————