Атыраудағы бөбекжайда бүлдіршіннің миы шайқалып, қолы сынған

Балабақшадағы былық. Атырауда жекеменшік бөбекжайлардың бірінде үш жастағы бүлдіршін баспалдақтан құлап, жарақат алды. Алайда бүлдіршіннің анасы бұл жағдайға тәрбиешілердің салғырттығы себеп деп санайды. Қазір мекеме жұмысын тоқтатқан. Оқиғаға қатысты іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Оқиға осыдан он күн бұрын болған. Анасының әлеуметтік желідегі жазбасына қарағанда, бүлдіршін бөбекжайдағы баспалдақтан құлаған. Тәрбиешілер телефон арқылы осылай хабарлапты. Баланың миы шайқалып, денесіне зақым келген. Бірақ ана жүрегі бұған сенбейді. Бұл күдікті дәл сол сәтте бейнебақылау камерасының жұмыс істемей қалғаны үдете түскен. Ал білім саласы өкілдері оқыс жағдай балабақшада болса, жауапты маманға айыппұл салынатынын айтады. Ал полиция осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу жүріп жатыр.

ДИНА МАКСОТОВА, ПД АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
— Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР ҚК 140-бабы, 2 бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.

Жекеменшік бөбекжай басшылығы осы оқиғадан кейін жұмысын уақытша тоқтатқаны туралы әлеуметтік желіде жариялаған. Бірақ жауапты мамандар зардап шегушілер тарапынан шағым түспесе, мекемені тексере алмайтынын алға тартады.

БЕРДІБЕК ТАИШЕВ — БССҚЕ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Жалпы әр бақылаушы мекеменің өзінің қызметі тиісті кәсіпкерлік кодекске сәйкес реттелген. Кез келген ұйымды барып, тексере алмайсыз. Оған негіздеме болуы керек. Бар бақылаушы шаралар 5 жылда бір өткізетін аттестация бар, одан қалды профилактика.

Бұл оқиғаны естіген дүйім жұрт дүр сілкініп, алаңдаушылық білдірді. Сондықтан аймақтағы барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына тексеріс жүргізілетін болды. Мамандар соңғы екі жылда дәл осындай 6 жағдай тіркелгенін айтады.
———————————————