Балқашта 8 жасар баланы соққыға жыққан кім?

Балқашта 8 жасар бала аяусыз соққыға жығылған. Бұл жайлы оның анасы хабарлады. Баланың саусағын сындырып, денесін күйдірген, басынан жіппен осқан. Мұның барлығы бала ауруханаға түскеннен кейін белгілі болды. Оқушы қазір емделіп жатыр. Ал полиция тергеуді бастады. Анасының айтуынша, осының бәрін баланың туысы жасаған, ол – қаладағы ірі кәсіпорынның қызметкері. Зардап шеккен баланың анасы адвокат жалдап, ұлын қорлаған адамға ең қатаң жаза тағайындалуын талап етпек. Алайда ол да, оның адвокаты да журналистерге сұхбат беруден бас тартты. Бүгін әлеуметтік желіде күдіктінің әйелі мәлімдеме жасады. Айтуынша, күйеуі төрт жасар қызын 8 жастағы бала мазалап жатқанын байқап қалып, содан кейін ғана оны ұрған. Ер адам қамауға алынды.
ЖАНСАЯ ЖҮНІСОВА – ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БӨЛІМ БАСШЫСЫ М.А.:
— Күдіктінің кәмелетке толмаған қызына жәбірленуші бала сексуалдық сипаттағы әрекет жасауы мүмкін деген мәлімдемесіне байланысты оқиғаны толық әрі объективті анықтау үшін тергеу және процессуалдық шаралардың толық кешені жүргізіліп жатыр. Тараптардың барлық уәжі мен нұсқалары тексеріледі.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева бұл оқиғаға қатысты Ішкі істер министрлігіне жүгінген. Баланың анасымен де байланыс ұстап отыр. Бұл жайында ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеген.
———————————————