Осыдан бір апта бұрын Ресейдің Камчатка өлкесінде жойқын жер сілкінісі болды. Дүмпуден кейін Жапония билігі жағалаудағы тұрғындарды жаппай қауіпсіз жерге көшірді. Яғни мұнда бір күнде екі миллион халқы бар қала эвакуацияланған. Осылайша, олар айтып келмейтін апатқа сақадай сай екендігін көрсетті. Ал Алматыда 2 балдық жер сілкінісі сезілді. Қираған мүлік, зардап шеккен адам жоқ. Бірақ алда-жалда табиғи апат болса, біздің билік жұртты эвакуацмялауға қаншалықты дайын? Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру қалай жүзеге асырылады?
Алматылықтардың дені жер сілкінгенде нақты қалай әрекет ету керегін біле бермейді. Мәселен, мына кадрлардан оны айқын аңғаруға болады. Жер асты дүмпулері кезінде тұрғындардың алды жан-жаққа қашса, енді бірі терезеден секірген. Тіпті пәтерінен шықпай абдырап қалғаны қаншама…
Төтенше жағдай кезінде алдымен үй ішінде қауіпсіз орын тауып, алғашқы дүмпуді күту керек. Содан кейін жақын маңдағы эвакуациялық бекетке бет алған жөн. Бүгінде Алматыда осындай арнайы 384 орын бар.
ҚУАНЫШ ОСПАНОВ – ТЖД АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
— Бізде эвакуация көлікпен, пойызбен және жаяу тәртіпте жүргізіледі. Қалалық мобильділік басқармасы мен Қазақстан темір жолы базасында арнайы қызмет құрылған. Қажет болса шаhардағы 2000-нан астам автобус осы жұмысқа жұмылдырылады. Жалпы қалада 8 аудан бар. Төртеуінің тұрғындарын осы қоғамдық көлікпен, жартысын теміржол арқылы қауіпсіз жерге көшіреміз.
Тәжірибе көрсеткендей, жер сілкінгеннен кейін алдымен жарақаттанған адамдарға шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Артынша халық азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етіледі. «Алматыда бұл бағыттағы жұмыс оң жолға қойылған», — дейді мамандар. Алайда осындай кезде халықтың дұрыс әрекет етуі аса маңызды.
Шаhардағы ең үлкен эвакуациялық пункт Түрксіб ауданында бой түзейді. Онда 5 мың адамды қабылдайтын күркелі қалашық құрылады. Ал сала мамандары төтенше жағдай кезінде құтқару операциясының сәтті болуы халыққа тікелей байланысты екенін ескертеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.