Үндістанда сел жүріп, бір ауылды су шайып кетті

Жалпы биылғы жазда ауа райы әлемнің әр түкпірінде әрқалай болып тұр. Мысалы, Үндістанда қатты сел жүріп, бүтін бір ауылды шайып кетті. Оқиға таулы Дхарали елді мекенінде болған. Табиғи апат салдарынан 4 адам қаза тауып, 50-ден аса тұрғын із-түзсіз жоғалып кетті. Қазір аймақта құтқару жұмыстары жүріп жатыр.

Ал Қытайда су тасқыны салдарынан қауіптің «қара» деңгейі жарияланды. Үздіксіз жауған жаңбыр салдарынан жолдар қирап, бірқатар провинцияға қауіп төнді. Тайваньда жүздеген үйге су кірген. Бес адам қайтыс болып, 77 тұрғын зардап шекті. Қазір ондаған елді мекен жарықсыз отыр. Құтқарушылар ол жақтарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізуде. Синоптиктер жаңбыр жақында тоқтайтынын айтады.
АҚШ-та орман өрті өршіп тұр. Жағдай әсіресе Калифорнияда қиын. Ұлттық паркті қызыл жалын шарпып, от 30 мың гектарға тараған. Зардап шеккендер бар. Жергілікті тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр.
———————————————