Саябақтың орнына самсаған үй: елордалықтар наразы

Елордадағы Нәжімеденов көшесінің бойында орналасқан ондаған көпқабатты үйдің тұрғындары іргелес жатқан бос жерге саябақ салдыра алмай әлек. Себебі құрылыс компаниялары осы жерді «жаулап» алып, жаппай тұрғын үй тұрғызуға көшкен. Аула тар, алаң жоқ деп дабыл қаққан тұрғындар бұған, әрине, наразы.
Үй бар жерде құрылыс бар. Ал құрылыс бар жерде ұрыс бар. Әсіресе саябақ салынуы тиіс болған бос жерге құмырсқаның илеуіндей көпқабатты үй қаптап кетсе.
ҒАНИ МҰҚАШҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Елордамыздың оң жағалауында салынуы тиіс болған Мыңжылдық саябағы соның дәлелі. Осы аймақта тұратын астаналықтар есік алдарынан уәде етілген саябақ емес, зәулім үйлер тұрғызылып жатқанын айтып пұшайман болып отыр.

ЕРЛАН ҚОЖАНОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Міне, көріп тұрғандарыңыздай, дәл қазір біз Мыңжылдық аллеясының орталық саябағында тұрмыз. Орталық саябақ деп тек қана ауызша ғана. Бұған дейін біз қағаз жүзінде көретін едік. Қазір қағаз жүзінде де парк жоғалып бара жатыр. Өйткені көріп отырғандарыңыздай, құрылыс компаниясы заңсыз деп айтуға болады. Тұрғындардың қарсылығына қарамастан орталық саябақтың орнына тұрғын үй кешендерін соғып жатыр.

Қисынсыз құрылысқа қарсы тұрғындар құзырлы мекемелерге жазған. Қоғамдық талқылауға да қатысқан. Алайда ауызтолтырып айтарлықтай нәтиже болмапты.

ЕРЛАН ҚОЖАНОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— 300-400-ге жуық адам өз аяғымен келді. Бірақ сауалнаманың соңында дауыс берушілер саны 1300-ге жуықтады. Ал 900-ден аса тұрғын құрылыстың жүруіне қарсы емеспіз деген, ал біз секілді 20-дан астам қалыс қалдық. Ал 260-қа жуық адам ғана қарсы екенін айтты. Ал шын мәнінде мың үш жүзге жуық адам болған жоқ. Менің айтқым келгені, дауыс беру барысында үлкен бұрмалаушылықтар орын алды.

НҰРЖАН ЫСМАГҰЛОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Егер біз өз мүддемізді, Орталық саябақ маңындағы жүз мыңнан астам тұрғынның мүддесін қорғамасақ, өкінішке қарай, саябақтың небәрі 20-30 пайызы ғана қалуы мүмкін. Сол себепті біз бейжай қарамайтын барлық тұрғынға, қала әкімдігіне, Қазақстан Республикасының Президентіне үндеу жолдаймыз — біздің жағдайымызға түсіністікпен қарап, мәселені шешуге көмектесулеріңізді сұраймыз.

Тұрғындардың шағымы бойынша әкімдікке сұрау салып, халықтың талап-тілегі орындала ма деген сұрақ қойдық. Алған жауабымыз мынадай:

Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы:
«Биыл Қуанышбаев атындағы театрдың артқы жағынан бастап Әзербаев көшесіне дейін созылатын желілік саябақтың бірінші кезеңін салу жоспарланған. Бұл саябақ елорда тұрғындары мен қонақтары үшін маңызды жасыл аймақ болмақ. Қазіргі таңда жоба сараптамадан өтіп жатыр. Саябақтың жалпы ұзындығы 4 шақырым болғандықтан, оны іске асыру ресурстардың шектеулігіне байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Жоспарланған саябақ бойында түрлі нысандардың құрылысы қатар жүргізіліп жатқандықтан, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстары аяқталған соң саябақ құрылысын жалғастыру орынды әрі тиімді болады».

ҒАНИ МҰҚАШҰЛЫ – ТІЛШІ:
— Халықтың көтеріп жүргені осы. Көпқабатты үйлердің қоршауында тұрған, айналасы 1-2 гектарға жетер-жетпес жердің мәселесі. Тұрғындардың айтуынша, бұл жерде құрылыстың қарқын алғанына біраз уақыт болған. Мұнда зуәлім тұрғын үй кешендерін салуға көзделген екен. Бірақ жергілікті жұрт бірінің үстінен бірі салынып жатқан ғимараттардың орнына демалуға болатын жасыл желек керек дейді. Астана бас жоспарына сәйкес, бастапқыда солай да болған.

Көз ілеспес қарқынмен дамып, халқының саны еселеп өсіп келе жатқан елорда мұндай мәселенің бары рас. Түйіннің тез арада тарқамайтыны да түсінікті. «Бас қаланың бас жоспарымен үйлеспейтін жүйесіз, бейберекет құрылыс ертең ел астанасының сиқын бұзбасын десек, жауаптылар батыл шешім қабылдау керек», — дейді сарапшылар.
———————————————