Қазір әлеуметтік желіде «грантқа түсуге кепілдік береміз» деген жарнамадан көз сүрінеді. Магистратураға түсуді армандаған бір топ талапкер тест тапсырғаннан кейін ғана алданғанын білген. Қыруар қаржыға курс сатып алғандар енді ақшасын қалай даулайтынын білмейді. Уәде етілген грант та жоқ. Жалпы кешенді тестілеудің сұрақтары аса құпия болатыны белгілі. Ендеше кейбір орталықтардың нақты сұрақтың жауабын білеміз деп жар салуы қаншалықты заңды?
Ақтөбелік Гүләмина Нұриқұлова ағылшын тілі пәні бойынша биыл бакалаврды тәмамдады. Білімін әрі қарай жалғастыру үшін магистратураға грантқа түскісі келген. Содан белгілі блогерлердің жарнамасын көріп, бір платформаның дайындық курсын сатып алады. Бірақ, кешенді тестілеуде алдын ала дайындалған сұрақтардың бірде біреуі кездеспеген.
ГҮЛӘМИНА НҰРИҚҰЛОВА – ТАЛАПКЕР:
— Дайындалған әдебиеттер, материалдар болған жоқ деп айтқанда, ІТ мамандары нәтижелерді жойып, жасалған видео сабақтармен рейтингті төмендетіп, яғни сіз біздің платформамен жақсы дайындалмағандықтан, сіз төмен балл алдыңыз, оны бізден көрмеңіз дейді. Қасақана нәтижелерді осылай жою алаяқтық деп ойлаймын. Бұл әрі қарай жалғаспаса деймін.
«Грантқа түсіреміз» деген желідегі жарнамаға Ақерке Сансызбай да сеніп қалған. Дайындық курстары ұсынылған арнайы қосымшаны 100 мың теңгеге сатып алған. Басқа дереккөздер арқылы емес, осы платформаның тест сұрақтарына дайындалып уақыт жоғалтып алғанына өкінеді. Соның кесірінен, тестілеуде төмен балл жинаған. «Енді ақша да, грант та жоқ», — дейді.
АҚЕРКЕ САНСЫЗБАЙ – ТАЛАПКЕР:
— «Грантқа түсетініңізге 100 пайыз кепілдік береміз, егер грантқа түспей қалсаңыз ақшаңыз қайтарылады», — деді. Бірақ өте кеш болды. 3-4 күн қалғанда бұл сұрақтар келмейтін сияқты деген менде ой басталды. Әстпесе 100 пайызға сенімді болғанмын.
100 пайыз сенімді болған жалғыз Ақерке емес, жүзден аса талапкер алданып қалған. Қазір ел ішінде қызу талқыланып жатқан мәселе бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығына хабарластық.
НАУЖАН ДИДАРБЕКОВА – ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Ұлттық тестілеу орталығы барлық тест тапсырмасына авторлық құқыққа ие. Тест тапсырмаларын ұлттық тестілеу орталығының рұқсатынсыз таратуға, жариялауға тыйым салынады. Осы ретте ұлттық бірыңғай тестілеудің немесе кез келген тестілеу барысында тарату, жариялау сияқты фактілер орын алады. Бұл әрекеттерге ҰБТ орталығының ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдейміз. Ұлттық тестілеу орталығы тестілеушінің жеке кабинетінде байқау сынақтарын ұсынады.
Яғни кешенді тестілеу тапсырмаларын ғалымдар, білікті педагогтар әзірлейді. Олардың мазмұны да жыл сайын жаңартылып, сараптамадан өтіп отырады.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА – ТІЛШІ:
— Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының мәліметінше, тест сұрақтары құпия, оны жеке орталықтардың алуына тыйым салынған. Алайда бүгінде «Магистратураға грантқа түсіреміз» деген дайындық курстардың жарнамасы желіде жер жарады. Арнайы платформада тест тапсырмалары ұсынылып, сол арқылы талапкерлерді дайындаймыз деп сендіріп жатыр блогерлер. Бірақ желідегі жарнамаға сеніп, қыруар қаржысынан қағылған жүзден аса адам енді қайда шағымданарын білмейді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.