Сәтбаевта құрылыс заттары неге қымбат?

Импорт азайғанымен баға жоғары. Ұлытау облысына отандық материалдар көптеп жеткізілгенімен құрылыс пен жөндеу жұмыстары қымбаттап барады. Нарықтағы ахуал қалай реттеледі? Жаңғырту және жеткізу қызметі арзандай ма?
Жөндеу жұмыстары мен құрылыс жанданатын жаз мезгілінде Сәтбаев базары қыз-қыз қайнайтыны әдеттегі құбылыс. Құрылыс заттары қымбат болса да сауда алаңы қараң-құраң адамнан арылған емес. Өткен жылы пәтерін жөндеуден өткізген қала тұрғыны Қатира Балабаева биыл Қарағандыдағы үйін жаңартуға кіріскен. Баға айырмашылығы айтарлықтай білінгенін айтады.
ҚАТИРА БАЛАБАЕВА — СӘТБАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Сәтбаевта түсқағаз, линолеум, ламинат өте қымбат. Мәселен, терезе мен плитка одан да қымбат. Сосын дүкеннен зат алып оны жеткізудің өзіне төлеу керек. Әр этажға төлейміз. Ал биыл Қарағандыдағы үйімде ремонт жасап жатырмын. Ол жақта айырмашылық жер мен көктей.
Сәтбаевтықтар: «Биыл бағаның тағы көтерілгенін айқын сезіндік», — дейді. Құрылыс заттарын өзге қалалардан тасымалдау тиімдірек болғасын тұрғындар жан-жаққа сабылуға мәжбүр. Саудагерлер өз кезегінде тауар құнын өсірмеуге тырысып жатқандарын алға тартып отыр. Ал сарапшылар нарықтың құбылуына маусымдық сұраныс пен валюта бағамының өзгеруі секілді бірнеше фактор әсер ететіндігін айтады. Сол себепті құрылыс материалдарын импорттау көлемі азайғанымен құны жоғары болып қала бермек.
БАТЫРЛАН ТАЙМАҒАНБЕТОВ – «АТАМЕКЕН» ӨКП ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫ:
— Біріншіден, электр энергиясы, жұмыс күші мен тасымалдау қызметінің қымбаттауынан өнімнің өзіндік құны артып отыр. Екіншіден, жаз басталысымен сұраныс күрт көбейгендіктен баға өседі. Үшіншіден, теңге бағамының өзгеруі отандық өнімдерге де әсерін тигізеді. Өйткені өндіріске қажетті қоспалар шетелден алынады.

Құрылыс заттарының кейбір түрі қымбаттағанымен жалпы нарықтағы ахуал қалыпты дейді салалық ведомство өкілдері. Материал тапшылығы байқалмайды. Өндірістік секторға инвесторлар тартылып, жаңа кәсіпорындар ашылып жатыр. Құрылысқа жауапты комитет мамандары Шымкент қаласы мен Қызылорда және Алматы облыстарындағы зауыттардың іске қосылуы бағаны тұрақтандыруға септігін тигізетінін атап өтті.

ЖАНЕРКЕ САҒЫМЖАН – ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ТКШ КОМИТЕТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Ауыр бетон 15%, керамикалық кірпіш 4%, асфальт бетон 5%, газоблок 7% өскен болатын. 2025 жылы инженерлік жаюдық бағасы 15-тен 20% аралығында өскен болатын. Бұл жалпы инфляцияның деңгейіне сәйкес табылады.

Үй ішін жөндеу шеберлерінің айтуынша бір бөлмелі пәтерді толық әрлеу құны 500 мың теңгеден басталады. Оған терезе, есік және сантехника ауыстыру жұмыстары кірмейді. Ал егер күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізсеңіз кемінде 2 миллион теңге санап беруге дайын болуыңыз керек. Ол жыл сайын өсе береді. Жалпы сарапшылар импорт тәуелділіктен толық арылмайынша құрылыс заттарын арзандату мүмкін емес деген пікірде.
———————————————