Атырауда ортағасырлық күміс тиындар табылды

Атырауда ортағасырлық күміс тиындар табылды. Археологтар тарихи жәдігерді «Ақтөбе-Лаэти» қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде анықтаған. Ежелгі бұйым- Жошы Ұлысында құрылған Алтын Орда мемлекетінің билеушісі Меңгу-Темір ханның тұсында құйылған деген дерек бар. Бұдан өзге, зерттеушілер қазба жұмыстары кезінде, көрнекті артефакт «Тағара» ыдысын да тапты.
АМАНГЕЛДІ МҰҒАУ, АРХЕОЛОГ:
— Бұл тиындар белгілі нумизматик ғалым Павел Петровтың пайымдауынша, ХІІІ ғасырдың екінші жартысына сәйкес келеді. Құйма ақшаның бір бетінде Меңгу-Темір ханның таңбалары, екінші жағында Қытай иероглифтері бейнеленген. Оның себебі Шыңғысханнан тараған Құбылай ұрпақтары мен Шағатай ұлысы арасында қақтығыстарда қолға түскен саяси тұтқын Номуханмен байланыстырылады.

ТОЛЫБАЙ ДОСТЫБАЕВ, ТММ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Соңғы екі-үш жылдықта бұл жерге ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Қалашықтың 53 гектар аумағы толықтай қоршалды. Болашақта ашық аспан астындағы музейге айналдыруды жоспарлап отырмыз.
———————————————