Ақтөбе облысы Бестамақ тұрғындарына қоғамдық көлік қолжетімсіз

Ақтөбе облысы Бестамақ ауылының 3 жарым мыңдай тұрғыны орталыққа аялдама қойылмағандықтан бірнеше шақырым жаяу жүруге мәжбүр. Себебі елді мекен тұсынан өтетін халықаралық трассаны қайта жаңғырту кезінде автобус тоқтайтын орындар қойылмай кеткен. 40 шақырым жердегі Ақтөбеге ауылдықтар азық-түлік пен тұрмыстық тауар алуға күнделікті қатынайды. Ауыр жүк арқалап, артынып-тартынған жолаушылар: «Үйімізге діңкәміз құрып, әрең жетеміз», — дейді. Одан бөлек, жол құрылысы барысында төрт түлік өткелдері де алыс орналасқан. Жол белгілері де орнатылмаған. ҚазАвтоЖол филиалының мамандары жоба басталар алдында тұрғындармен кездесіп, ұсыныстарын тыңдадық деп отыр. Күре жол пайдалануға берілді, енді өзгерістер енгізуге кеш. Ал әкімдік өкілдері аялдама мәселесін тамыздың аяғына дейін шешіледі деп сендірді.
ГҮЛНАР АЙТЖАНОВА – БЕСТАМАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Әрине алыс, бізде базарға баратын, базарда жұмыс істейтін әйелдер бар. Қаншама үйімізге азық-түлік алып келеміз. Өзім жаяу келдім талай рет. Бұрынғы аялдаманы осы жерге және экспресстегі аялдаманы қайтадан дұрыстап орнына қойып берсін. Және бетоннан.

РИНАТ ОРАЗҒАЛИЕВ — «ҚАЗАВТОЖОЛ» КОМПАНИЯСЫ ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Бестамақ» елді мекеніне жетпей 1 мал өткелі және ауылдан өткесін тағы бір өткел салынған. Тұрғындар тарапынан ұсыныс түскен жоқ. Заң бойынша негізі ауылдан шамамен 250-дей метрге дейін өткел салуға рұқсат берілмейді.
———————————————