Жедел жәрдемді бақылайтын жаңа цифрлық қызмет іске қосылды

Астаналықтар жедел жәрдем қашан жетеді деп алаңдамай-ақ, медициналық көмектің қай жерде келе жатқанын үйінде отырып қадағалай бастады. Жаңадан қосылған пилоттық жоба аз ғана уақытта өз нәтижесін көрсеткен. Дәрігерлер бригадасының қозғалысын тұрғындардың Яндекс Go қосымшасынан немесе браузердегі картадан көру мүмкіндігін алуы 103 қызметінің де жұмысын жеңілдеткен.
Күн сайын Астана қалалық жедел жәрдем станциясына 5 мыңға жуық қоңырау түсетін болса, соның 40 пайызы қайта телефон соғады. Барлығына жауап беретін операторлардың жұмысы да қауырт. Осы сәтте, дәрігерлер бригадасын тағатсыздана күткен тұрғындар үшін жағымды жаңалық. Олар қосымша арқылы жедел жәрдем көлігінің қай жерде келе жатқанын онлайн қадағалай алады.

АЙДАР ТЕЛЕСБАЕВ — IT МАМАНЫ:
— Мамыр айында іске қосылған бұл жоба, Яндекс қосымшасы арқылы қолданылады. Әзірге 1-ші санаттағы, яғни шұғыл көмек қажет науқастарға шақыру кезінде 103-қызметін онлайн қадағалай алады. Бұл жаңашылдық тиімділігін көрсете бастады десем болады. Өйткені жедел жәрдем қызметіне күніне шұғыл көмек сұрап, 60-70 адам қоңырау соғады.

Шақыру қабылданған сәтте Яндекс Go қосымшасы автоматты түрде хабарлама жібереді. Онда бригаданың нақты қай жерде келе жатқаны және шамамен қанша уақытта жететіні көрініп тұрады. «Егер қосымша орнатылмаған болса, телефон нөміріне жедел жәрдем көлігінің қозғалысын нақты көруге мүмкіндік беретін карта сілтемесі бар SMS келеді», — дейді мамандар.

БОТА СӘДЕТХАН, ҚАЛАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бұл мүмкіндік келе жатқан бригаданы күтіп отырған шақырушылар тарапынан жаңағы психоэмоционалдық жүктемені төмендетуге жалпы ықпалын жасайды. Көп жағдайда біз үйлердің алдында тұрып қалатын бірнеше минут болсын, уақыт жоғалтатын жағдайлар болып жатады.

Тілші: Шынымен де, науқастың әр минуты санаулы сәтте жедел жәрдем жолығатын кедергі де көп қазір. Онлайн бақылау сол үшін де керек.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ — ТІЛШІ
— Жедел жәрдем бригадасының қозғалысын онлайн бақылау мүмкіндігі — бұл технологияның ашықтығын ғана қамтамасыз етіп қоймайды. Адамдардың алаңдаушылығын азайтып, диспетчер жұмысын да жеңілдетеді. Сондай-ақ, цифрлық хабарлама арқылы тұрғындар бригаданың келуіне алдын ала дайындала алады. Мысалы ауладағы шлагбаумды ашу немесе науқастың құжаттарын әзірлеу сияқты.

Бұл жаңа жоба әзірге Елордада бастау алды. Мамандар барлық қалада осы қызметті іске қосуды жоспарлап жатыр.
———————————————