Атырау мектептерінде инклюзивті білім кешеуілдеп жатыр

Атырауда ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар ұл-қыздарына жеке көмекші тағайындауды тездетуді сұрайды. Өйткені оқу-ағарту министрлігінің шешіміне сәйкес, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар үшін мектепте жеке көмекшінің болуы туралы шешім шыққан. «Алайда ол әлі жүзеге асырылып жатқан жоқ», — дейді.
Ата-аналардың айтуынша, былтыр министрлік оқу ордаларында инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту бағдарламасын енгізген. Бірақ мұнайлы өлкеде бұл бастама кешеуілдеп жатыр.

НҰРГҮЛ МҰХТАРОВА — ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Әр ата-ананы өз баласының қасына жеке көмекші ретінде алса, жақсы болар еді. Өйткені мен мектепке баламды апарамын. Қызым №21 мектепте оқиды. Өзім алыста тұрамын. Мектепке баламды апарып, енді жаяу үйге бара жатқанда, мектептен: «Балаң жылап жатыр, алып кет», — деп телефон соғады. Бізге қиын.

Бұған дейін ата-аналар білім басқармасына арыз жазған. Алайда талабымыз орындалмай сұрағымыз жауапсыз қалды деп отыр. Бұдан бөлек, аналар жазғы каникул кезінде ерекше балалардың лагерлерге ілінбей қалғанына да қапалы.

ГҮЛЖАН ҚҰСАЙЫНОВА — ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Жазғы уақытта мүгедектігі бар балаларды жазғы демалыспен қамту керек еді. Оқу жылы болып қалды, әлі шешілмей келеді. Біздің балалар қатардағы балалар сияқты көпті білгісі келеді. Жаз өтті, әлі қамтылған жоқ.
Ата-аналардың уәжін білім басқармасының өкілі тыңдады. Оның айтуынша, бұл – ата-ана мен мектеп арасында өтініш арқылы шешілетін ішкі мәселе.

МАРАТ ӘБУОВ — БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Біз осы тақырыпта күні кеше ҚР Оқу-ағарту минстрлігіндегі әріптестерімізден кеңес алдық. Ол бойынша жеке көмекшінің функционалдық қызметтерін белгілейміз. Ол техникалық қызметкер есебінде жұмысқа қабылданатын болады. Мамандықты қажет етпейді. Сол себепті ата-аналардың өтініштеріне сай, олардың мүмкіндіктері бар екені туралы жауабын бердік.

Сұрағына нақты жауап алған ата-аналар енді жаңа бағдарлама кешеуілдемей, уақытылы жүзеге асса деген ниетте.
———————————————