Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесін деп, коммуналдық секторды жаңғыртуға бөлінген ақша боялады. Премьер-министрдің орынбасары қыруар қаржының қалай жұмсалатынын осылай бақыламақ. Тоз-тозы шыққан коммуналдық шаруашылықты толық жаңарту үшін Үкімет ұлттық жоба дайындап қойған. Алдын ала есеп бойынша оған 13 триллион теңге қажет. Қанат Бозымбаев бұл ақшаны қайдан алатынын бүгін брифингте айтты.
Үкімет коммуналдық секторға шындап кіріскен сыңайлы. Елдегі жылу қазандықтары, трансформатор, ауыз су, кәріз, жылу, жарық желілерін 5 жылда жаңалап алмақ жоспары бар. Бұған 13 триллион теңге керек. Ақша табуға «Бәйтерек» холдингі жауапты. Ал, оның дұрыс жұмсалуын «Қазцентр ЖКХ» АҚ қадағалайды.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ — ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Биыл пилоттық режимде жалпы сомасы 150 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылуда. 8,5 мың км желіні жөндеп, 42 мыңнан астам жабдықты ауыстыру жоспарлануда.
Бозымбаев бұл жоспарын биыл жүзеге асырып үлгерсе, 30 жылдан бері жөндеу көрмеген «Қарағанды жарық», «Алатау жарық», «Өскемен су арнасы», «Оңтүстік жарық» сияқты 6 компанияның коммуналдық жағдайы жақсарады. Келесі жылы тағы 11 коммуналдық монополист тозған құбырынан құтылады. Сөйтіп, 2030 жылға қарай Қазақстанда коммуналдық қызмет көрсететін 224 компания дүние-мүлкін түгел жаңалап алуы тиіс. Қанат Бозымбаев ақшаның ұрланбай, діттеген жеріне жетуін қалай тексеретінін де ойлап қойған.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ — ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бізге ашықтық керек. Ұлттық банкпен бірлесіп, ақшаны «бояу» мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Ақшаның қажет жерге жұмсалуын, басқа жаққа бұрылмауын бақылап отырамыз.
Коммуналдық саланы жаңартуға жұмсалатын қаражат, әлбетте, қарызға алынады. Оның бір бөлігі тариф есебінен өтеледі. Сондықтан, келесі жылы қазақстандықтардың коммуналдық шығыны артады.
ТИМУР ҚОСЫМБАЕВ — ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Тарифтердің күрт өсуіне жол бермеу үшін қарыздың бір бөлігін мемлекет субсидиялайды. Сөйтіп, келесі жылы тарифтер шамамен 20-30 пайызға өседі деп жоспарлап отырмыз.
Бірақ вице-премьер коммуналдық төлемдер қымбаттаған жағдайда әлеуметтік осал топқа мемлекет тарапынан көмек болатын айтты.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.