Ажырасу оңайлады: енді некені біржақты бұзу мүмкіндігі бар

Шаңырағы шайқалған, отбасының іргесі сөгілген… Бүгінде ажырасу — қоғамда жиі кездесетін құбылысқа айналды. Енді бұл үдеріс бұрынғыдан да жеңілдейді. «Неке және отбасы туралы» кодекске өзгеріс енгізілді. Бұл қоғам ішінде түрлі пікір туғызып отыр.
Ажырасу ауыр. Рәсімі жеңіл. Елімізде дәм-тұзы жараспаған жұпқа енді бір-бірінен қол үзу қиын шаруа емес. Некені бұзу үшін бір тарап өтініш білдірсе жеткілікті.

НҰРГҮЛ МӘЛІК – ЗАҢГЕР:
— Егер де екінші жұбайы сот жүйесі арқылы қабілетсіз болып танылса, ресми түрде екіншіден, хабар-ошарсыз кетті деп жарияланған болатын болса, үшіншіден, кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған болса, бұл кезде некені біржақты тәртіппен бұзуға болады.

Неке және отбасы туралы» кодекске енгізілген өзгерістерге қоғам алаңдаулы. «Бұл – отбасылық құндылықтың құлдырауы», — дейді. Ажырасу — екі адамның ғана емес, екі әулеттің де тағдырына әсер ететін маңызды шешім екенін алға тартады.

Десе де заңды некені бұзуға белгілі бір шектеулер де жоқ емес.

НҰРГҮЛ МӘЛІК – ЗАҢГЕР:
— Жұбайыңыз жүкті болса және араларында кәмелетке толмаған, жасы әлі бір жасқа келмеген бала болса, онда келісімсіз некені бұзуға тыйым салынады. Бұл Қазақстан Республикасының Отбасы кодексінің 16-бабына сәйкес келеді.

Қалай дегенмен, қазір елде ажырасу көп. Толық емес отбасыда өсіп жатқан бала да көп.
Әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады. Ресми дерек осындай. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 123600 неке тіркелсе, ажырасқандар саны 40 мыңнан асқан. Біріккен Ұлттар Ұйымы болса, былтыр Қазақстанда әлемде ажырасу деңгейі ең жоғары бес елдің біріне жатқызды. Соған қарамастан қазақстандықтар отбасы институтын әлі де жоғары бағалаймыз дейді. Ал жастардың сексен бес проценті болашақта отбасын құруға ықтиярлы.
———————————————