«Әжелер шаңырағы» ансамблі автобуста Абай әндерін шырқады

Желсіз түнде жарық ай, сәулесі суда дірілдеп… Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Астанадағы автобустың бірінде ерекше челлендж өтті. Ақ жаулықты әжелеріміз Абайдың «Көзімнің қарасы» «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін орындап, жолаушыларға көтеріңікі көңіл күй сыйлады. Абайдың шығармаларын халық қаншалықты біледі?
Астанадағы аялдаманың бірі осылай әсем ән мен тәтті күйге бөленді. Ақ жаулықты әжелеріміз Абайдың әндерін шырқап, жолаушыларға музыкалық тосын сый жасады.
ГҮЛНӘСИЯ ТЕМІРБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Өзбекстан, Ресей, қанша жерде ескерткіші бар. Қанша дәріптесек те аз.

10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні. Бұл – айтулы дата. 2020 жылдан бастап мемлекеттік мереке ретінде ресми тойланып келеді. Осыған орай «Әжелер шаңырағы» ансамблі қоғамдық көліктің бірінде ерекше челлендж ұйымдастырды.

Автобустың іші сахнаға айналды десек болады. Әр қазақстандық білетін «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» сияқты әуен орындалды. Шараның мақсаты да сол. Абай Құнанбаевтың шығармаларын көпшілікке насихаттау, халықтың рухын жаңғырту.

Ұлы ақын Абай әндерін кішкентай жолаушылар да жатқа біледі.

Жолаушылар ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген өнерлі қарияларға қошемет көрсетті. «Әжелер шаңырағы» ансамблі челленджді басқа шығармашылық топқа жолдады.
———————————————