Приозерск қаласында сегіз көпқабатты үй апат алдында тұр. Үйлердің қабырғалары жарылып, бетон плиталары орнынан ойысқан. Бұл жағдай тұрғындардың тыныштығын бұзды. Олар өз күштерімен жөндеу жүргізуге тырысып жатыр. Бірақ, кейбір іске кәсіби мамандардың көмегі қажет. Оның үстіне, қаражат та жетпей отыр. Ал оны қаржыландыруға шағын қала бюджеті қауқарсыз көрінеді.
Апатты жағдайдағы үйлер тізіміне енген бұл көпқабатты үйдің іргетасы жарылып, қабырғаларына сызат түскен. Соған қарамастан, мұнда әлі де шамамен 80 отбасы тұрып жатыр. Кенжебаевтар бұл үйге небәрі 3 жыл бұрын көшіп келген. Олар терезелер төмен түсіп, есік пен терезе қисайып кетеді деп мүлде ойламағанын айтады.
БЕКЗАТ КЕНЖЕБАЕВА – ПРИОЗЁРСК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Бұл пәтерді сата алмай-ақ қойдық. Сол себепті жөндеу де жасалмады, едендер қисайып кеткен. Әкімдік өкілдері келіп, қарап шықты, сыртқы күрделі жөндеу жасалады деді. Бірақ, міне, екінші ай болды, жаз да аяқталуға жақын – көріп тұрғандарыңыздай, ешқандай жұмыс басталмаған.
Жүргізілген техникалық сараптаманың нәтижесін көрген тұрғындардың түн ұйқысы қашқан. Мамандардың қорытындысы көңіл көншітпейді – үй іргетастын шұғыл түрде нығайтып, қабырғаларды металл тіреулермен бекіту керек. Ал шатыр мен қасбетті толық ауыстыру қажет.
Жағдайды өзгертуге тырысқан тұрғындар бірнеше рет өз күшімен жөндеу жүргізген. Алайда, сапалы әрі қауіпсіз жөндеу жасау үшін кәсіби бригадалар мен қомақты қаражат қажет, дейді. Сол себепті жергілікті биліктен бірнеше рет көмек сұраған. Бірақ қала бюджеті мұндай шығынды көтермейді депті, жергілікті билік өкілдері. Сондықтан ендігі үміт облыс қазынасында.
ТЕМІРХАН АЙДАРХАНОВ – ПРИОЗЁРСК ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Мердігер компания анықталды. Іргетасын нығайту жұмыстары инъекциялау әдісімен жүргізіледі. Сонымен қатар шатырды жөндеу, қасбетті қалпына келтіру және подъезде жөндеу жұмыстары да қарастырылған.
Приозерск қаласында 8 үй апат алдында тұр. Қазір оның төртеуі күрделі жөндеу бағдарламасына енгізіліп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Енді бюджеттен қаражат бөлінсе, қайта қалпына келтіру жұмысы басталады. Жалпы қалада шамамен 80-ге жуық көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың да дені жөндеуді қажет етеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.