Қант диабетіне шалдыққандар тегін медициналық көмекті пайдалана алмайды

Елдегі қант диабетіне шалдыққан науқастар медициналық қызмет көрсету жүйесіндегі соңғы өзгерістерге алаңдаулы. Енді ем-дом шаралары бұрынғыдай бюджеттен емес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы қаржыландырылады. Инсулинге тәуелді тұрғындар қажет дәрі-дәрмекке қол жеткізудің қиындауынан қорқып отыр. Әсіресе сақтандыру қорына тіркелмегендердің уайымы басым.
Қант диабетіне шалдыққан қазақстандықтар бұдан былай мемлекеттік тегін медициналық көмекті пайдалана алмайды. Барлығы сақтандыру қоры арқылы жүзеге асады. Осы айтылған ақпарат қоғам арасында резонанс туғызып отыр. Жезқазған тұрғыны Валентина Зайцева диабетик баласының денсаулығына алаңдайтынын айтты.

ВАЛЕНТИНА ЗАЙЦЕВА – СӘТБАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Балам 2 жасында қант диабетіне шалдығып, 3 жылдан бері аурумен күресіп келеміз. Аталған заң дәрі-дәрмекке деген қолжетімділікті азайтады деп есептеймін. Өмірдің нәріне айналған инсулинді уақытылы алу қиындап кетеді деп қорқамын.

Елімізде қант диабетімен ауыратын адам саны жарты миллионға жуықтайды. Соның 5 мыңдайы – бала мен жасөспірім. Денсаулық сақтау министрлігі осы балалар мен зейнеткерлерді бұрынғыдай тегін емдей береміз деп ата-аналарды сабырға шақырып отыр. Ал жұмысқа жарамды тұрғындар сақтандыру қоры арқылы мемлекеттік емхана мен ауруханаларда ем алады. Ресми түрде тіркелген қызметкерлердің ем-домын жұмыс беруші төлейді. Сала мамандары жаңа жүйеге көшу мемлекетке көптеген заманауи препараттар алуға мүмкіндік береді деп отыр.

ФАЗЫЛБЕК МЕЙРАМҰЛЫ – МАК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМШЕ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Жаңа өзгерістердің арқасында біз науқастарға тиімділігі жоғары Трициба препаратын алып беруге мүмкіндік туады. Бұл препарат ағзадағы глюкоза құрамын 24 сағат реттеп тұрады. Бұрынғы инсулиндердің күші жарты күнге ғана жететін. Қазір әлем бойынша осы дәрілер қолданыста. Келесі жылы біздің елдегі науқастарға да ол қолжетімді болады.

Сарапшылар шенеуніктер келтірген дәйектер мен дәлелдер ақылға қонымды деп санайды. Бірде-бір науқас инсулинсіз қалмайды. Сандарды шотқа қағып сөйлеткен салалық министрлік осыған сендіріп отыр.

ЖАНАЙ АҚАНОВ – ДИАБЕТ ЗЕРТТЕУ БОЙЫНША АЗИЯ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕСІ:
— Бір науқастың еміне қажетті жылдық сумма 500-600 мың теңге шамасында жұмсалады. Бұл – өте үлкен жүктеме. Енді оны сақтандыру қорына ауыстыру емдеу шараларын жүргізуге еш әсер етпейді. Әрі науқастар өзге жеңілдетілген категорияларға кіргізіледі.

Қалай десек те медициналық өзгерістер халық арасында кеңінен талқыланып жатыр. Жылдар бойы дертпен күресіп келе жатқан тұрғындарды осы күнімізге зар болып қалмайық деген уайым мазалайды.
———————————————