Семейде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы кең көлемде аталып өтуде

Абай облысында ұлы ойшыл, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтуде. Биылғы тойдың ерекшелігі — мереке он күн қатарынан ұйымдастырылып отыр. 1 тамыздан басталған мерекелік шаралар өз деңгейінде өтіп жатыр. Семейден әріптесіміз он күн ішінде өткен мәдени-спорттық шараларға шолу жасайды.
Онкүндік Семейдегі Бейбітшілік аралында этноауылмен ашылды. Мұнда ұлттық рух жаңғырып, салт-дәстүр сахналанып, тарихи көріністер ұсынылуда. Таңғы тоғыздан кешке дейін ашық ауылда оннан астам киіз үй тігілген. Сонымен қатар «Асыл мұра» қолөнер шеберлерінің фестивалі өтуде. Мерекелік күндері күн сайын бір спорт түрінен қалалық чемпионаттар ұйымдастырылып жатыр.

СӘКЕН НАЗАРХАНҰЛЫ — ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:
— Өзімнің жеке қолтаңбамды алып келдім. Оның ішінде айта кететін Абай Құнанбаевтің кезінде ұстаған кісе белбеудің көшірмесін жасап отырмын. Енді мына 180 жылдыққа байланысты сол түпнұсқасының кішкене біраз тозған жерлері бар. Ал мен мына көшірмені болашақта жастар көріп, сол заманды көз алдарына елестету үшін көшірмесін жасадым, бар күшімді салдым.

Семейде республикалық «Абай Quiz» зияткерлік ойыны өтті. Елдің әр өңірінен 180 команда қатысып, Абай мұрасы бойынша білімдерін сынады. 1080 қатысушыны қамтыған шара — Қазақстандағы квиз форматындағы рекордтық көрсеткіш. Жеңімпаздарға 4,7 миллион теңге жүлде қоры тағайындалды.

ҚУАНЫШ МОЛДАҚАШЕВ – ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:
— Сұрақтардың басым бөлігі Абай Құнанбайұлының өмірі, шығармашылығына арналған. Және Абай Құнанбайұлына қатысты деректерден бүгінгі сұрақтар жасалды. Жобаның ең негізгі мақсаты — ақын мұрасын осы 180 жылдық аясында дәріптеу, шығармашылығымен таныстыру.

Мерейтой аясында өткен «Абай мұрасы – халық даналығ»” атты әдеби кеш пен «Абай әлемі» концерті жастарды біріктірді. Жас ақындар мен жұмысшы жастар Абай өлеңдерін оқып, өз туындыларын ұсынды. Танымал дәстүрлі әншілер өнер көрсетті.
ОЛЖАС БЕЙСЕМБАЕВ — ЖАСТАР САЯСАТЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.:
— Жасөспірімдер, балалар Абай туралы өздерінің шығарған өлеңдерін, әндерін салып, өнерлерін көрсетсе деген, қарасөздерін оқыса деген мақсатпен жиналып отырмыз. Негізгі мақсаты – жастарды жұмылдыру. Осы Абайдың онкүндігін қала тұрғындары мен жастар сезінсе деген мақсатта осы жерде ұйымдастырып отырмыз.

РАМАЗАН СТАМҒАЗИЕВ — ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ:
— Әр өнерпаздың сахнаға көтерілгендегі айтқан әндеріне қол соғып отыру — ол әншінің үлкен бақыты. Абай айтқаны бар ғой: “Айтушыдан тыңдаушың мықты болсын”. Бір қазақ мың қазаққа татитын адамның қадірін білетін, өнердің қадірін білетін керемет тыңдарман келді. Екі сағат бізге он бес минуттай өте шықты.
Бесінші күні сән көрсетілімі басталды. Үш күнге созылған шараға еліміздің түрлі өңірінен дизайнерлер қатысып, этно стильдегі киімдер мен әшекейлерін ұсынды. Шараға шетелдік дизайнерлер де қосылып, ортақ мәдени өрнектерді паш етті.

Абай тойы — руханият пен дәстүрдің тоғысқан алаңы. Онкүндік аясында өткен шаралар ұлы ойшылдың мұрасын ұлықтап, жас ұрпаққа жол тартты. Алда әлі де бірқатар маңызды іс-шаралар жоспарланған.
———————————————