Абай мерейтойы қарсаңында «100 кітап» жобасы түйінделеді

Елде биыл қолға алынған «100 кітап жобасы» да осы ұлы Абайдың туған күні қарсаңында қорытыланбақ. Игі бастама Ұлттық құрылтай отырысында көтерілген болатын. 23 сәуірден бері ел ішінде сауалнама жүргізіліп жатыр. Яғни оқырман ең үздік кітап пен ең үздік авторға дауыс беруі керек. Сауалнама E-gov порталында, көшеде және кітапханаларда орналасқан QR-код арқылы жүргізіледі. Ендеше үш айға созылған жобаның мақсаты мен маңызы қандай?
ДИХАН ҚАМЗАБЕКҰЛЫ – ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ:
— Ал енді «100 кітап» сауалнамасы не береді? Біріншіден, бұл тағы да бір анонс, аңдату сияқты – ұлтқа рухани дабыл: бізде міне осындай кітаптар бар, осы кітаптар арқылы үлкен тұлғалар шыққан. Бұл тұлғалар біздің сауаттылығымызға, рухани деңгейімізге қызмет еткен деген жауап болады.
Екіншіден, сауалнаманың аса маңызы – біздің қоғамдағы мәдениетті әрі қарай орнықтырады. Бұл мәдениеттің орны оқу арқылы әр ұрпақтан әр буынға жетуі де – үлкен маңызды дүние.
Бұл жалғасын табады, әрі салалық сауалнамаларға ұласуы мүмкін. Қазір өздеріңіз білесіздер, ғылым қатты дамып кетті. Бұрын көп айтылмайтын, көп зерттелмейтін үлкен сұрақтар бар. Естеріңізде болса, «Рухани жаңғыру» кезінде әлемдік әдебиеттер аударылған еді. Сол әдебиеттер аударылған кезде біраз техникалық және жаратылыстану ғылымдары саласындағылар: «Біздің салада қашан әлемдік классика аударылады?» – деген сұрақ қойды.
Ал енді ол сұрақты қою үшін де: «Қандай классиканы сіздер маңызды деп ойлайсыздар?» – деген сауалға жауап алуымыз керек. Соған сәйкес аудармашылар да жұмысқа кірісуі қажет.
———————————————