Астанада жасырын тамақ дайындау орны әшкере болды

Дайын ас әзірлейтін нүктелерде тамақ қалай жасалады? Ойланып көрдіңіз бе? Астана тұрғыны осындай орындардың біріне аяқ астынан кіріп қалып, көргенін видеоға түсірген. Көрініс жаға ұстатады. Мұндай орындарға бақылауды кім жүргізеді?
Видеоны Астананың қақ ортасындағы үйлердің бірінің тұрғыны түсірген. Бейнежазбаға қарағанда, бұл жерде тамақ дайындалады. Жайылған нан, қабығы ашылған картоп, жерде қапшық-қапшық пияз жатқанына қарағанда аспаздар тамақтың жаңа партиясын жасауға енді кіріскен. Бірақ айналада жан баласы көрінбейді. Тазалық та жоқ.

Видеода айтылған үйді іздеп таптық. Барсақ, бұрынғы тірліктен бір түйір картоп пен қабырғаға шашыраған май қалған. Пысықай кәсіпкер айналаны тып-типыл еткен. Сөйтсе, кеше бұл жерге учаскелік полиция инспекторы келіп, тәртіп орнатқан.

Үйдің мүлік иелері бірлестігі бұл кәсіпкермен төрт айдан бері күресіп жүрмін дейді. Дайын тамақ әзірленген бөлме осы үйге ортақ мүлік екен, тұрғындар өрт бола қалса, шыға алатын қосалқы дәлізі. Оны асханаға айналдыруға бірлестіктің бұрынғы басшысы рұқсат берген дейді. Ал санитар-мамандар қайда қараған? Олар: «Заң қатаң, тұрғындардан арыз түспейінше, аттап баса алмаймыз» — дейді.

МҰХАМҒАЛИ АРЫСПАЕВ – СЭБ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Жүгінуші бізге е-өтініш арқылы арызын жазу керек. Арызда сол субъектіні көрсетуі керек. Қандай адресте, бүкіл видео-фотосы, дәлелі болса, біз жедел ден қою шарасын жүзеге асыруға тиістіміз, сол бойынша жұмыс істейміз.

Арыз түсіп, ас дайындайтын жерде санитарлық нормалар сақталмайтыны дәлелденсе, кәсіп иесіне тазалық орнату үшін әуелі 30 күн уақыт беріледі. Осы мерзімде олқылық жойылмаса, айыппұл салынады, содан кейін ғана санитарлар нысанды жабуға шешім қабылдайды. Бұл арада қанша тамақ лас жерде дайындалатынын ешкім білмейді.

Сондықтан мамандар: «Ттамақ алатын орынды мұқият таңдап, тағамның сыртқы көрінісіне, иісіне және сақтау жағдайына назар аудару қажет», — дейді. Ал ашық-шашық, лас жерде тамақ әзірленіп жатқанын байқасаңыз, мұны фото-видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратып қана қоймай, міндетті түрде е-өтініш арқылы санитарлық қызметке хабарлаңыз.
———————————————