«Мектеп жабылмасын!». Атырауда бір топ ата-ана мен мекеме қызметкерлері осылай деп, шу шығарды. Олар күрделі жөндеуден өткен оқу ордасының жабылмауын қалайды. «Өйткені ашық туберкулезге шалдыққан ұл-қыздарды өзге мектепке тасу қиын, әрі ауру басқа балаларға жұға ма», — деп қорқады.
Айкөркем Амангелдиеваның үш баласы дәл осы мектеп-интернатта білім алып келген. «Алайда үш жыл бұрын білім ордасы күрделі жөндеуге жабылып, ұл-қыздарымыз амалсыз жан-жаққа тарыдай шашылып кетті», — деп отыр. Енді жаңа оқу жылы қарсаңында балаларының өзге мектептерде оқитынын естіген ата-аналар аң-таң.
АЙКӨРКЕМ АМАНГЕЛДИЕВА — ОҚУШЫНЫҢ АНАСЫ:
— Осы мектеп-интернатын күтіп жүргеніме 3 жыл болды. Бізді қабылдамай жатыр. Өйткені жабылады деген сыбыс бар. Өтініш, бұл мектепті жаппаңыздар. Біз баламызды тастайтын жер болмаған соң, мектеп-интернатқа тапсырамыз. Бұл жер жабылса баратын жеріміз жоқ. Кәдімгі мектепке қоспайды, учетта тұрғандарын біледі.
Ата-аналардан бөлек, бұл жаңалық мұндағы мұғалімдердің де төбесінен жай түсіргендей болды. Өйткені жетпістен аса педагог жұмыссыз қаламыз ба деп қорқады.
АЙГҮЛ ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА – МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Күні кеше жөндеуден өткен мекемеде жұмысымызды жалғастырғымыз келеді. Біз үш жыл бойына №8 балабақшада оқып келдік. Ол жақ бізге сәйкес келмейді. Оқу жылы басталды, біздер қайда барамыз?! Жанайқайымыз осы. Білім басқармасындағылар директордың міндетін атқарушыға: «Бала қабылдамай тұра тұрыңдар», — депті.
Ал білім бөлімінің өкілдері даурығуға негіз жоқ. Ұстаздар өзге білім беру ұйымдарында жұмыстарын жалғастыра береді деп отыр. «Ашық туберкулезге шалдыққан 16 бала үшін үлкен мектепті ұстау экономикалық тұрғыдан тиімсіз», — дейді жауапты мамандар.
МАРАТ ӘБУОВ — ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Үлкен мектепті тек 16 бала үшін ұстау экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сол себепті облыстық білім беру басқармасы бұл мектепті өзге ғимараты жоқ мектептерге беру мәселесін қарастыруда. Қазіргі уақытта ол толықтай пысықталады. 1 қыркүйекке дейін нақты шешімі шығады. Ал жұмыстан қудалау деген жоқ, қазір өзге жаққа орналастыру жағын қарап жатырмыз.
Бірақ ата-аналар мен мектеп қызметкерлерін тиісті мамандардың бұл сөзі жұбата қойған жоқ. Сондықтан олар талабымызды Білім және ғылым министрлігіне жеткіземіз деп тарқасты.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.