«Енді тумашы!..» Осылай деп анасынан балалы болмауын өтінген жасөспірім қыздың видеосы әлеуметтік желіде, желдей есті. Оны сіз де көрген боларсыз. Бұл бейнежазба қазақстандықтарды қатты толқытқаны белгілі. Әлеуметтік желідегілердің пікірі де екіге бөлінді. Бірі: «Балаға бала бақтыру – қалыпты жағдай», — деп жазса, басқалары: «Жасөспірімге мұндай жауапкершілік артуға болмайды», — дейді. Бұған психологтар не дейді?
Бейнежазбада Талшын есімді қыз анасынан енді бала тумауын өтінуде. Өзінен кіші бауырларына қарайласудан шаршаған ол жазғы демалысын ауылда, әжесінің қасында өткізгісі келеді.
Видео әлеуметтік желіде тез тарады. Сондықтан Астана қаласының тұрғыны Әлия Оралымбекова бұл жағдайға байланысты түсінік берді. Оның айтуынша, үлкен қызын кішкентай бауырларын бағуға мүлде мәжбүрлемейді.
ӘЛИЯ ОРАЛЫМБЕКОВА – ҚЫЗДЫҢ АНАСЫ:
— Мен Талшынның анасымын. Балаларым ештеңеге мұқтаж болмасын деген ниетпен жұмыс істеймін. Ол үйдің үлкені болғандықтан, бауырларына қарап, маған көмектеседі. Бірақ мәжбүрлі түрде емес. Тек осы бір роликте қатты эмоцияда болды. Өйткені ол әжесіне барғысы келді. Адамдар түрлі пікір жазып жатыр. Мен оған мән бермеймін.
Ал психологтардың пайымдауынша, жасөспірімге бала бақтырып, үй шаруасына салу оның психологиясына кері әсерін тигізеді. Тіпті болашағына да зиян келтіруі мүмкін.
АНАСТАСИЯ УТИНАНС – ПСИХОЛОГ:
— Әдетте жасөспірімдердің жүйке жүйесі толық қалыптасып үлгермейді. Сондықтан бауырларының тәрбиесіне қарау – баланың психологиясына ауыр салмақ салады. Ал мұндай жандар ертең жауапкершіліктен қашқақтайтын болады.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай әсіресе көпбалалы отбасыларда жиі кездеседі. Кей кезде тіпті тұңғыш баланың қалауы да ескерусіз қалып жатады.
РАСУЛ ҚОСПАНОВ – ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ:
— Бұл сұрақ қазір қоғамда өте өзекті. Иә, қыз балалар анасының көмекшісі екенінде дау жоқ. Бірақ оның балалық шағын да ойлау қажет. Сондықтан, бұл мәселеге бей-жай қарамау керек деп ойлаймын.
Талшынның жанайқайын мыңдаған баланың үні деп қабылдаған жөн. Бұл дабыл қағарлық жағдай. Мамандар осылай дейді. Олардың пікірінше, бала тәрбиесі және болашағы тікелей ата-ананың мойнында болуы шарт.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.