Табиғаттың тосын мінезі әлем елдерін әбігерге салып жатыр. Түркияда жойқын жер сілкінісі болды. Қытайда елді мекендерді топан су басып, мыңдаған адам бас сауғалауда. Ал Ресейдің Камчаткасында атқылаған жанартаудан төнген қауіптің сейілетін түрі жоқ.
Түркияның солтүстік-батысында, Балыкесир провинциясында магнитудасы 6,1 жер сілкінісі болды. Эпицентрі Сындыргы қаласының маңында, 11 километр тереңдікте орналасқан. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл елдімекенде бір ғимарат қирап, 24 ысанға зақым келген. Балыкесирде үйінді астында қалған барлық тұрғындар құтқарылды. Табиғи апаттардың салдарын жою басқармасы хабарлағандай, жер сілкінісінен кейін 20 афтершок тіркелген. Бесеуінің магнитудасы 4-тен жоғары. Дүмпулер Измир, Ыстамбұл, Маниса, Эскишехир және басқа да қалаларда сезілді.
ТАСҚЫН 15 АДАМНЫҢ ӨМІРІН ҚИДЫ
Қытайдың солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясындағы су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 15 адамға жетті. Тағы ондаған адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Қазір билік өкілдері нөсер жауыннан туындаған төтенше жағдайдың салдарын жою шараларымен айналысып жатыр. Іздеу-құтқару жұмыстары жүргізілуде. Естеріңізге сала кетейік, Ганьсу провинциясында нөсер жауын 7 тамыздан бері толастамай тұр. Су тасқынымен күрес және табиғи апаттардың салдарын жою жұмыстарына қолдау көрсету үшін үкімет Ганьсу және Гуанси провинцияларына 32 млн юань бөлді.
ҚАУІП СЕЙІЛГЕН ЖОҚ
Камчаткадағы жанартау 12 километр биіктікке күл атқылады. Мамандардың айтуынша, атқылау шлейфі шығысқа – Тынық мұхитына қарай бағытталған, оның жолында Усть-Камчатск және Крутоберегово ауылы бар, ол жерде аздаған күл жаууы мүмкін. Желдің бағыты өзгерсе, күл аймақтың басқа елді мекендеріне де түсуі ықтимал. Құтқарушылар жергілікті тұрғындардан аса қажеттіліксіз сыртқа шықпауды сұрады. Олардың айтуынша, жанартау белсенділігі азайғанымен, ол әлі де жоғары деңгейде, кратерден лава ағып жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.