2050 жылға қарай Каспий теңізі бірнеше метрге таяздауы мүмкін

2050 жылға қарай Каспий теңізі бірнеше метрге таяздауы мүмкін. Қазақстандық экологтар осылай деп дабыл қағуда. Бұған тек климаттық факторлар әсер етіп жатқан жоқ. «Су айдынын сақтап қалуға мұнай өндіруші компаниялар да атсалысуы керек», — деп санайды сарапшылар. Астанада өткен халықаралық жиында бірқатар маңызды мәселе талқыланды.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА – ТІЛШІ:
— Каспий экологиясы: сын қатерлер мен шешімдер. Конференция осындай тақырыппен өтті. Маңызды жиында қазақстандық және ресейлік экологтар теңіздің таяздану мәселелерін талқылап, нақты ұсыныстарын жеткізді. Теңіз суының тұздылығы арта берсе, бұл оның өсімдігі мен жануарларына зиян тигізеді деп отыр ғалымдар.

Экологтар Каспийдің тартылуы мен биоалуандығына алаңдаушылық білдірді. Сарапшылардың мәліметінше, соңғы 20 жылда мұндағы итбалықтың 90 пайызы қырылып қалған. Балық қоры да едәуір азайған.

ВАДИМ НИ — SAVE THE CASPIAN SEA ЭҚ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:
— Бүгінгі таңда сазан, қармақ тұқымдас балықтар жоғалуы мүмкін. Жыл сайын теңіз жағасынан су жануарларының өлекселері мен құстардың жаппай қырылуын байқаймыз. Бұған – теңіздің ластанауы себеп. Бірақ түрлі ғылыми басылымдар, мұны жоққа шығарғылары келеді. Ол да түсінікті. Себебі мұнай компанияларының мүддесін қорғауда.

Бұл мәліметті ресейлік сарапшылар да растап отыр. Теңіз экологиясының бұзылуына мұнай ұңғымаларының әсері бар.

АНДРЕЙ БАЛАГУРОВ — САРАПШЫ /РЕСЕЙ/:
— Каспий теңізіндегі мұнай дақтары – үлкен мәселе. Су айдынына мұнайдың төгілгені айдан анық. Бұл кейбір шенеуніктер айтқандай, бұлттардың көлеңкесі емес. Бұл деректер расталған. Оны ғылыми дәлелдей аламыз. Бақылау кезінде 400-дей дақ анықталды. Мониторинг нәтижесі бар. Экологиялық нормаларды бұзған азаматтар жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеуі керек.

«Каспийдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мұнай компаниялары аса мүдделі болуы қажет», — деп есептейді эколог Галина Чернова.

ГАЛИНА ЧЕРНОВА – ЭКОЛОГ:
— Каспий теңізінде Қашаған кен орны маңында мұнайдың төгілгені анықталған. Қазір осы экологиялық жағдайға қатысты сот жүріп жатыр. Барынша ашықтықты талап етеміз. Кәсіпкерлер халықаралық экологиялық талаптарды ескерсе дейміз. Өйткені, кейбірі өз міндетін толық орындамай отыр.

Сарапшылардың зерттеуінше, су деңгейі жылына 70 сантиметрге төмендеп, кейбір аумақтарда жағалау сызығы 18 шақырымға шегінген. Алдағы уақытта теңіз тағы 18 метрге таяздауы мүмкін. Жауапты министрлік өкілдері де бұл мәліметті растады.

ДӘУЛЕТ ЕСМАҒАМБЕТОВ — ЭМС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне климаттың өзгеруі әсер етіп жатыр. Теңіз акваториясына жауын-шашын аз түскен. Мемлекет басшысының тапсырмасымен осыдан үш жыл бұрын Каспий теңізін ғылыми зерттеу орталығы құрылды. Теңіз деңгейінің төмендеуі бойынша экологиялық мониторинг жүргізіледі. Осы мақсатта қондырғыларды сатып алуға жергілікті қазынадан жарты млрд теңгеден артық қаржы бөлінген.

Халықаралық Каспий теңізі күніне орайластырылған экологиялық шара енді Ақтау, Атырау және Алматыда өтеді. Мақсат – мәселеге қалың бұқараның назарын аударып, теңізді сақтап қалу үшін тиімді шешімдер шығару. Ал бүгін Каспийді құтқаруға бағытталған 10 қадам жобасы талқыланды. Бұл құжат теңіздің экожүйесін сақтауға және өңірдің тұрақты дамуына жол ашатын картаға айналады деген үміт бар.
———————————————