Жасанды интеллект нарығы $4 трлн 800 млрд жетуі мүмкін

Жасанды интеллект дамудың жаңа мүмкіндіктеріне кеңінен жол ашады. Президент осы мәселе жөнінде кеңес өткізіп, саланың маңызын салыстырмалы түрде саралап берді. 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының ауқымы 4 трлн 800 млрд долларға жетуі мүмкін. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы Сауда және даму жөніндегі конференциясының болжамы. Ал оның ғаламдық технологиялық индустриядағы үлесі 7-ден 29 пайызға дейін артады. Президенттің айтуынша, қазір бұл саладағы бәсеке күшейді. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес барысында жасанды интеллект саласын реттеу тетіктерін жетілдіруді тағы бір маңызды міндет ретінде айқындады. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың жасанды интеллектіні дұрыс қолдана білуі маңызды екенін ескертіп, инвестиция мен дарын иелеріне қолайлы жағдай жасаудың маңызына тоқталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ — ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
— Өткен жылы жасанды интеллект саласындағы стартаптарға дүние жүзі бойынша 100 миллиард долларға жуық инвестиция салынды. Бұл – әлемдегі венчурлық қаражаттың үштен бір бөлігінен асып түседі. 2023 жылмен салыстырғанда ЖИ жобаларын қаржыландыру шамамен 80 пайызға артты. Осылайша жасанды интеллект саласындағы таланттар мен идеяларға бәсеке күрт өсті. Бүгінде негізгі инвестиция ағынын АҚШ, Еуропа Одағы елдері және Қытай қамтамасыз етіп отыр. Бірақ бұл қаржы қалыптасқан экожүйе бар жерге бағытталады. Яғни инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз етуге, қолдауға, нарықты реттеуге және дамытуға жұмсалады. Ақша жағдай жасалған жерге келеді. Бір ай бұрын мен ЖИ саласындағы бірқатар қазақстандық стартаппен таныстым. Олардың кейбірі әлемдік деңгейге шыға алады. Дарынды жастарымыздың бар екені қуантады. Олардың біразы шетелде жұмыс істесе де, отаншылдық сезімін жоғалтпаған. Мемлекет мұндай талант иелерін қолдауға міндетті
———————————————