Павлодар облысының Железин ауданында тұратын ерлі-зайыпты тозып бара жатқан туған ауылы Кузьминоны қайта түлетті. Олар қиын жағдайға тап болған әйелдерді қолдауға арналған «Сен жалғыз емессің» әлеуметтік жобасын қолға алды. Енді жалғызбасты ана мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары уақытша паналайтын орын бар. Бұл жобаға ауыл болып атсалысып жатыр. Осы бағдарлама аясында бір жыл ішінде- ауылға 5 отбасы көшіп барған.
Павлодар облысындағы бір кездері қаңырап бос қалған Кузьмино ауылында бір жыл бұрын жаңа өмір басталды. Бұл ауылда бала саны мүлде азайып, жергілікті мектеп жабылудың аз-ақ алдында тұрған еді. Бірақ ауылды Айжан мен Иззат есімді ерлі-зайыпты тұрғын сақтап қалды. Олар батыл қадамға барып, көмекке мұқтаж жандардың барлығын туған ауылына шақырды. Көп ұзамай, өңірге адамдар көшіп келе бастады.
АЙЖАН ҚАРКЕНОВА — ЖОБАНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:
— Бізге бес ана көшіп келді, үшеуінің сәбилері әлі тым кішкентай. Олар атаулы әлеуметтік көмек алады. Екеуі жұмысқа орналасты – бірі мектепте, бірі дүкенде жұмыс істейді.
Қазір ауылда 29 бала тұрады, оның 17-сі – оқушы. Мұнда шағын орталық та бар. Бірақ адамдарды шақырып қою ғана жеткіліксіз. Оларды жұмысқа орналастыру керек. Бұл мәселені шешу үшін ауыл тұрғындары қаз өсіруді қолға алды. Тіпті бүкіл аймаққа танылған, «Бір ауыл – бір өнім» көрмесінде жеңімпаз атанған өзіндік бренд пайда болды.
ИРИНА – КУЗЬМИНО АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Мұндай жобаның барына өте қуаныштымын, көмек көрсетіліп жатыр. Мұнда өзімізді қауіпсіз сезінеміз, бәрі бақытты, қорқыныш жоқ. Балаларға да қызық, ешкім кеткісі келмейді.
ОЛЬГА ВАКУЛЕНКО — КУЗЬМИНО АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Мені күйеуімнің туыстары үйден қуып жіберді. Инстаграм арқылы тауып, хабарласып, осында көшіп келдім. Бұл – өте жақсы жоба. Барлығы қол ұшын созады. Біз бәріміз бір үлкен отбасы сияқтымыз!
Жақында бұл ауылда 30 жылдан кейін алғаш рет дүкен ашылды. Енді азық-түлік үшін аудан орталығына барудың қажеті жоқ. Ал жазда балаларға футбол алаңы салынды. Ауыл тұрғындарын еріктілер де ұмытпайды. Павлодарлықтар киім-кешек, жиһаз және басқа да қажет заттармен қамтып отыр. Ал ауыл тұрғындары көшіп келгендерге көмектесіп, үйлерін жөндеп берген.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.