Астанада балалардың терезеден құлау оқиғалары азаймай отыр. Жуырда ғана тоғызыншы қабаттан құлаған 6 жасар бала тірі қалды. Ал, Қосшыда ашық тұрған терезенің алдында ойнап отырған балғынды бейтаныс адам құтқарды. Бала тағдыры үшін жанын шүберекке түйіп, биікке өрмелеген жігіттің жанқиярлығына қаймана жұрт тәнті болды. «Бірақ бұл мақтанатын оқиға емес», — дейді полиция қызметкерлері. Кез келген бейқамдықтың арты қайғылы оқиғаға ұласуы мүмкін. Сондықтан бүлдіршіндерді қараусыз қалдырмауды сұрайды.
Күнқағардың үстіне құлаған бала ес-түссіз жатыр. Ал мына бейнежазбада бүлдіршінді құтқаруға келген ер адамның терезені ашып, ішке қарай бет алғанын байқауға болады. Бұл жағдайды куәгерлер видеоға түсіріп алған.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА:
— Бұл оқиғаны ғажайып жағдайдағы құтқару десе болады. Оқиға міне мына көп қабатты тұрғын үй кешенінде болған. 6 жасар бала 9-шы қабаттағы пәтердің терезесінен құлап, үшінші қабаттағы күнқағарға түсіп аман қалған.
Саят Қанатұлы оқыс оқиға кезінде осы үйдің маңынан өтіп бара жатқан. Куәгердің айтуынша, бала әрі қарай сырғып кетпеу үшін үшінші қабатта тұратын әйел оның аяғынан ұстап тұрған. Адамдар дереу көмекке барған.
САЯТ ҚАНАТҰЛЫ, КУӘГЕР:
— Аяғы шығып тұр екен, екі үш минуттан кейін анасы адамдардан көмек сұрап шықты. Біз жедел жәрдем шақырдық. Басқа да куәгерлер баланы құтқаруға көтерілді.
Кейін жедел жәрдем келіп, шұғыл түрде ауруханға жеткізген. Биіктен құлаған бүлдіршін ауыр жарақат алған. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер жағдайы тұрақты деп отыр.
НҰРСҰЛТАН ҚҰРБАНБЕКОВ, №2 КӨПСАЛАЛЫ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Баланың алып келген кезде жағдайы өте ауыр болды. Бас миының жарақаты, бас миының шайқалуы, кеуде қуыс ағзаларының соққысы және қабырғаларының сынуы, бауырдың соққысы және жамбас сүйегінің сынуы байқалған.
Қазір осы іс бойынша құзырлы орган тергеуді бастады. Алдын ала мәлімет бойынша, 6 жасар бала анасының қарауынсыз қалып, осы сәтте үйдің терезесінен құлап кеткен. Құқық қорғаушылар соңғы кездері балардың терезеден құлау оқиғалары жиілегенін айтады. Жақында Қосшы қаласында да осыған ұқсас жағдай болды. Көпқабатты баспананың терезесінде отырған сәбиді бейтаныс ер адам құтқарды. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін полицейлер кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.