ШҚО-да су көлігіне қызмет көрсететін мамандар даярланады

Шығыс Қазақстан облысында биылдан бастап су көлігіне қызмет көрсететін мамандар даярланады. Ол үшін Өскемендегі көпсалалы технологиялық колледжге қажет қондырғылар сатып алынды. Материалдық-техникалық база дайын. Ал студенттерге дәріс оқуға тәжірибелі капитандар шақырылмақ. Айта кеткен жөн, бүгінде аймақта бұл салада кадр тапшы. Ал Ертіс өзенінде кеме қатынасы уақыт өткен сайын жандануда. Бүгінде облыс орталығында фарватер бойымен 5 өзен трамвайы қатынайды. Адам жетіспегендіктен мамандар демалыссыз жұмыс істеуге мәжбүр. Болашақта жаңа транзиттік дәліз ашу жоспарланған. Қазір Үкімет деңгейінде Қытай мен Ресей арасында Қазақстан аумағы арқылы су жолымен қатынас орнату үшін Тұғыл ауылында өзен портын салу мәселесі талқыланып жатыр. Жоба жүзеге асса, транзиттік дәліз арқылы жыл сайын екі жарым тоннадан астам жүк тасымалданбақ.
КСЕНИЯ БЕЛОВА – КӘСІПКЕР:
— Ұжымға жылда шамамен 15 адамдай жетіспейді. Кадр тапшылығы мәселесі өткір тұр. Салдарынан кейде жаз айларында ешқайсымыз демалысқа шықпаймыз.

ҚАЖЫМҰҚАН ОСПАНҒАЛИЕВ — КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫ:
— Көбіне су көлігін басқаратын жүргізушілер, мотористер керек. Яғни, жұмыс берушілерден осындай мамандық иелеріне сұраныс жиі түсіп жатыр. Енді бұл сұрақ толығымен шешіледі деген ойдамыз.
———————————————