Мемлекет басшысы Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының президентін қабылдады

Мемлекет басшысы Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының президенті Чунгвон Чоуды қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мейманның сапары Қазақстанның спорт қауымдастығы үшін маңызды оқиға саналады. Сондықтан Президент жалпы әлемде таеквондоның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Чунгвон Чоуды ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Ал Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының президенті Мемлекет басшысына ерекше құрметтің белгісі ретінде тоғызыншы дан қара белбеуін табыс етті. Президент жаттығу тақтайшасына қолтаңба қалдырды. Сондай-ақ Чунгвон Чоудың өтінішімен таеквондо дәстүріне сай тақтайды сындырды. Айта кетейік, Астанада 14-16 тамыз күндері таеквондодан Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтингтік турнирі өтеді. Бұл шара Дүниежүзілік таеквондо федерациясының ресми күнтізбесіне енген.
———————————————