Алматыда баланы тұншықтырған тәрбиеші 4 жылға сотталды

Алматыда жекеменшік балабақша тәрбиешісіне қатысты даулы іске үкім шығарылды. Биыл ақпанда мегаполистегі балабақшалардың бірінде педагог төрт жасар баланы тұншықтырып, жұлқылаған. Баланың ата-анасы бұл жайлы бейнебақылау камерасындағы жазбаны көрген соң бір-ақ білген. Оқиғаға қатысты тергеу 7 айға созылды. Бүгін бұл істің нүктесі қойылды. Бұрынғы тәрбиеші кәмелетке толмаған баланы азаптады деп танылды. Сот әйелді 4 жылға бас бостандығынан айырды. Прокурордың айтуынша, мұндай әрекет педагог мамандығына сай емес, ал тағайындалған жаза балалармен жұмыс істейтіндердің бәріне сабақ болуы тиіс. Соңғы сөзінде айыпталушы істегеніне өкінетінін айтып, баланы тыныштандыру үшін тұншықтырғанын жеткізді. Әйел сот залында қамауға алынды.
АЗАМАТ ӘБДІРАЙЫМОВ – СУДЬЯ:
— Камалова Аяжан Байдуәлиқызы Қылмыстық Кодекстің 110-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Және Қылмыстық кодекстің 50-бабына сәйкес 10 жыл мерзімге балалармен байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынсын. Камалова қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздікті мекемелерінде жазасын өтеуі тағайындалсын.

———————————————