Аляска штатында Америка мен Ресей президенттері кездеседі

Бүгін түнде АҚШ-тың Аляска штатында Америка мен Ресей президенттерінің кездесуі өтеді. Дональд Трамп Владимир Путинді Анкоридж қаласындағы Элмендорф-Ричардсон әскери базасында қабылдайды. Күн тәртібінде украина дағдарысын шешу, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты кең ауқымды мәселелер талқыланады. Бұған дейін Құрама Штаттар президенті «территорияны айырбастау» мәселесі сөз болатын жеткізген еді.
Айта кетейік, Трамп пен Путин соңғы рет 2019 жылы 28 маусымда Жапонияның Осака қаласында өткен «Үлкен жиырмалық» саммитінде кездескен болатын.
ЕРСҰЛТАН ЖАНСЕЙІТОВ – САЯСАТТАНУШЫ:
— Кездесуде талқыланатын мәселелердің бірі осы болады. Бірақ Трамп нақты қай аумақтардың айырбасқа түсетінін атамады. Мүмкін, Херсон облысының бір бөлігі, не болмаса Запорожьенің кей аумағы шығар. Десе де президент Зеленский бұған қарсы екенін жеткізген еді. Сондықтан Украина бұл формулаға қосылмайынша, оны жүзеге асыру қиын. Тағы бір нұсқа — АҚШ өз тарапынан Украинаға көмекті біртіндеп азайтып, осылайша Зеленскийді аталған шарттарды қабылдауға мәжбүрлеуі мүмкін. Бірақ бұл тез орындалатын процесс емес.

———————————————