Қ. Тоқаев: Ауыл мен қала баласының білім алу мүмкіндігі бірдей болуға тиіс

Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды. Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс. Бүгін ұстаздардың тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыны тағы бір шегелеп айтты. Барлық өңірдің педагогы жиналған жиында басқа не айтылды?
«Озық ойлы ұлт» пен «технологиялық ұлт» ұғымдары егіз. Сондықтан мектеп қабырғасынан балаларға жасанды интеллект негіздерін оқыту маңызды. Республикалық тамыз конференциясына қатысқан Мемлекет басшысы осы мәселеге баса назар аударды. Сандық технологияны игеру оқу сапасын жақсартып, болашақта жастардың бәсекеге қабілетті, озық маман болуына ықпал ететінін атап өтті Президент.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ — ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
— «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болды. Былтыр 2 ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Бұл – барша педагог қауымына көрсетілген зор құрметтің белгісі. Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту әрдайым басты назарда. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы 2 есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді.
Ұстаздар қауымына да білім беру әдістемесінде тың технологияларды белсенді қолданудың маңыздылғы айтылды. Бүгінде еліміздегі мектептердің 95 пайызы жылдам интернетпен қамтылған. Президент бұл көрсеткішті жүз пайызға жеткізуді тапсырды. Бұл ретте білім беру мекемелерін интерактивті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету жұмыстары одан әрі жалғасады. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық білім саласындағы тәрбие жұмысына да ден қойылатынын айтты. Биылдан бастап елімізде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылады. Бұл жоба барлық мектептер қолданысқа енгізілмек. Жалпы соңғы 6 жылда білім беру саласын қаржыландыру үш есеге өскен. Осы уақыт аралығында елімізде 1200-дей мектеп ашылды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ — ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
— Тағы бір маңызды міндет – қала және ауыл мектептеріндегі білім беру деңгейін теңестіру. Соңғы төрт жылда 4 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңғыртылды. Оның басым көпшілігі – ауыл мектептері. Ауылдағы білім ошақтарына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа кітапханалар, асханалар мен спорт залдары салынып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі бірдей болуға тиіс.

«Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы қолға алынды. Осы жобаға қатысқан 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Бүгінгі тамыз конференциясында бес мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді.

———————————————