Солтүстікте құлпынай өсіру – қостанайлық шаруаның табыс кілті

Солтүстікте де құлпынай өсіріп, пайда табуға болады. Оны қостанайлық шаруа Тұяқбаев дәлелді. Топырағы құнарлы аймақта бүгінде шаруышылықтың бұл түрімен айналысатындар жоқтың қасы. Еңбектің кілтін тапқан кәсіп иесі қазір ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып отыр. Болашақта тіпті шаруасын кеңейтпек.
Қостанай ауданына қарасты Владимировка ауылындағы мына жерге осы күнге дейін кетпеннің жүзі тимеген еді. Өңір үшін бірегей жобаны Абай Тұяқбаев қолға алды. Алматыдан құлпынай көшетін әкеліп, оны 1 гектар аумаққа еккен.

АБАЙ ТҰЯҚБАЕВ – ЖОБА АВТОРЫ:
— Өзіндік құны, әрине қымбат. Бұл адам еңбегіне байланысты. Яғни дала басында жұмыс істеуге ниетті жандар өте аз. Сондықтан оларға жақсы еңбекақы төлеу керек. Алайда кәсіпті енді бастаған мен сияқты кәсіпкер үшін бұл ауыр жүк.

Солтүстіктің саф ауасымен жайқалып, желек жайған құлпынайдың дәмі тіл үйіреді. Бірақ адамдардың көбі оның Қостанайда өскеніне сене қоймайды. Бақшалық кәсіпке бет бұрған азамат: «Өңірде жидек өсіру мәдениеті енді қалыптасып келеді», — дейді.

АБАЙ ТҰЯҚБАЕВ – ЖОБА АВТОРЫ:
— Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысында көбіне бидай және майлы дақылдар өседі. Яғни бізде құлпынай шаруашылығы мүлдем дамымаған. Себебі, халықтың көбі бұған күмәнмен қарайды.

Абай алғашында бау-бақша жұмысын өз қаржысына бастапты. Өнімге сұраныс артқан соң, мемлекеттен несие алған. Жауаптылардың айтуынша, соңғы бір жылда өңірде шағын және орта бизнеспен айналысушы саны 5 процентке артқан. Қазір ісін енді дөңгелеткен кәсіпкерлер 170 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Мемлекетке түскен салық та айтарлықтай өскен.

АСАН ДОСМАҒАМБЕТОВ – КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Егер жыл сайын осындай өсім болса, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. Азаматтар өз бағытын таңдап, жеке іс бастап жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда кәсіпкерлік нысандардың саны 4 мыңға артты. Ал олардың үштен бірі ауылды жерлерде.

Мамандардың сөзінше, 1 гектардан маусым сайын 15 тоннаға дейін құлпынай жинауға болады. Сондықтан болашақта Абай секілді бақша дақылын егуге бет бұратындар көбейсе, сырттан келетін жеміс-жидекке де тәуелділік азаяр еді.

———————————————