Құтқарушылар қызметіне демалушылардың көңілі толмайды. Жуырда Балқашқа барған астаналық тұрғын көлге шомыламын деп, көз жұма жаздады. Осыдан бірнеше апта бұрын ғана 17 жастағы жасөспірім Алакөлде құтқару кеудешесін киместен катерден секіріп, қаза тапқан еді. Мұндай оқыс оқиғаларға кім кінәлі? Су көлігінің жұмысына кім жауапты?
Аружан туғандарымен бірге Астанадан Балқашқа асыға жеткен. Жыл бойы күткен демалысы болғандықтан, барынша сергіп, демалғысы келген. Туысқандарымен бірге «диван» деп аталатын аттракционға мінеді. Бірақ күтпеген жерден көлге батып, көз жұма жаздаған. Сіңлісі суға тұншығып, талып қалған.
Аружанның айтуынша, көлде күтпеген қиындық кездессе, құтқарушы көмегін күтіп, үміттенудің қажеті жоқ. «Себебі тілсіз тажалдан тартып алатын маман мүлдем жоқтың қасы», — дейді. Бұдан бөлек, оқыс оқиға бойынша полицейлер қылмыстық іс қозғағанын да жеткізді.
АРУЖАН МАҒЗҰМ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Балқашта қаншама адам демалып жатыр, ешқандай жерде бір де бір құтқарушы жоқ. Алакөлдегі ситуацияны өзіңіз де білесіз. Біз демалыс орнының құтқарушылары қайда десек, олар тек сол жағажайдың қасындағысын ғана қарайды дейді.
Ел бойынша биыл жазда маусымында 800-ден аса ережебұзушылық тіркелген. Көбі қауіпті манермен байланысты. Осы ретте заңгерлер зардап шеккендер келтірілген шығын үшін өтемақы өндіріп алуға болатынын айтады.
АЛЕКСАНДР СОЛОВЬЕВ – ЗАҢГЕР:
— Жабдықтың талапқа сай болмауы немесе адамның әрекеті не әрекетсіздігі салдарынан келген барлық залалды сол адам өтейді.
Өз кезегінде су көлігіне жауапты комитет өкілдері маусым бойы аттракциондар қайық жүргізушілерін тексеріп тұратынын алға тартады. Мәселен, Балқашта болған оқиғаға жауаптылар жазасын алған.
ИЛФАТ БЕКБАЕВ – ҚР КМ КОМИТЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:
— Бүгінгі күні екі мыңнан астам шағын көлемді кеме тексерілді, 800-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Жалпы сомасы жеті миллионнан астам теңге айыппұл салынды. Биылғы маусымда бірнеше ауыр оқиға болды, соның ішінде Балқаш пен Алакөлі көлдері де бар.
Көлік министрлігі өкілдері жазғы маусымда бақылау күшейеді дейді. Соған қарамастан шипалы суға шомылуға келгендердің шырғалаңы тыйылар емес. Шағым көп. Қайғылы жайттар да аз емес.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.