Толассыз жауған жауын солтүстікқазақстандықтарды әбден әбігерге салды. Петропавлда бір күнде жаңбырдың бір айлық мөлшері түскен. Табиғаттың тосын мінезінен көпқабатты үйлердің жертөлесімен ауласы суға толып, көшелер тіпті көлшікке айналды.
Ефим Грабовский осыдан үш жыл бұрын жеке жаттығу залын ашқан. Кәсіпкерлікке бет бұрып, пайда табамын деген азамат тағы да қып-қызыл шығынға батты. 200-ден астам адам спортпен шұғылданып келген орынның сау-тамтығы қалмаған. Электр құрылғылардың барлығы істен шықты. «Енді ғимарат ішін кептіріп, қайта қалпына келтіруге 2-3 ай уақыт керек», — дейді ол.
ЕФИМ ГРАБОВКИЙ – КӘСІПКЕР:
— Әзірге нақты не істерімді білмеймін. Бүлінген зат өте көп. Залды осымен үшінші мәрте су басты. Сондықтан сотқа жүгінуді жоспарлап отырмын. Басқа амал қалмады. Оның үсітіне абонемент сатып алғандарға енді ақшасын қайтаруым керек. Ал ол қаржыны мен қайдан аламын?
Тоқтаусыз жауған жауыннан көшелер көлге айналды. Салдарынан қалада көлік қозғалысы қиындады. Аула мен жөртеле суға толып, кеше 20 шақты көпқабатты тұрғын үй электр көзінен ажыратылды.
Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, өткен тәулікте «Ikomek» орталығына жүзден астам өтініш түскен. Су сорғыту жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Оқиғаның салдарын жою мақсатында «Қызылжар Су» серіктестігінен және қалалық кәріз-тазарту құрылыстары кешенінен 20-дан астам су сорғызатын техника, канал жуатын техникалар бөлінді. 80-нен астам адам жұмыс істеді. Сондай-ақ 30-дан астам мотопомпа жұмыс істеді. «Ikomek» орталығына түскен қоңырауларыдң қатарында сол жеке тұрғын үйлер және мемлекеттік мекемелер бар.
Облыс орталығында бір күнде жауынның бір айлық мөлшері түсті. Синоптиктер мұндай тұрақсыз ауа райы тамыз айының соңына дейін жалғасатынын ескертеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.