1-сыныптың орнына оңалту шарасы. Астанада ойын алаңында тағы бір жазатайым жағдай болды. 6 жасар баланың үстіне футбол қақпасы құлап кетті. Куәгерлердің айтуынша, темір қақпа дұрыс бекітілмеген боп шыққан. Осы салғырттықтың салдарынан бүлдіршін ауыр жарақат алған. Ата- анасы болған жағдайға құрылыс компаниясын кінәлап отыр. Бірақ олар жауапкершілікті өз мойындарына алуға асығып жатқан жоқ.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Оқыс оқиға осы ойын алаңында болған. Кішкентай Ямур құрбыларымен әдеттегідей ойнап жүрген. Осы маңдағы балалардың бірі футбол қақпасын турник ретінде пайдаланған. Кішкентай Ямур мұның дұрыс емес екенін айтып үлгермеді, бір мезетте темір қақпаның астында қалды. Дұрыс бекітілмегендіктен баланың үстіне құлаған.
Алты жасар Ямурдың анасы Ақпейіл Қаратаеваның айтуынша, басынан ауыр жарақат алған. Мидың компьютерлік томографиясынан кейін зардап шегуші шұғыл түрде жан сақтау бөлімшесіне жатқызылды. Бүгінге дейін оған екі операция жасалды. Дәрігерлер баланың жағдайы ауыр болғандықтан, аман қалуына кепілдік бермейтіндерін бірден ескерткен.
АҚПЕЙІЛ ҚАРАТАЕВА, АНАСЫ:
— Қыздың жағдайы өте күрделі. Бала жүрек ИВЛ аппаратына қосылды. Өзі демала алмады. Әлі күнге дейін бас айналу, құсу, аяқтарын жақсы сезінбеуі бар, қазір мүгедек арбамен жүреді. Бала қатты дірілдеп, өз аяғына тұра алмайды.
Қазір бүлдіршін нейрохирургия бөлімінде ем алып жатыр. Миына көп мөлшерде қан құйылған. Ямур күрделі операциядан кейін тек төртінші күні ғана есін жия бастаған. Дәрігерлер қазір жағдайы қалыпты деп отыр.
ЕРАСЫЛ БАТЫРХАНОВ, №2 БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Комада болды. Сол күні операция жасалды. Сыртқы дренаж қойылды. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық. Неврологиялық жоқ.
Ал бұл бейнекадрлер ойын алаңындағы жазатайым оқиғадан кейін түсірілген. Жергілікті әкімдік жіберген жұмысшылар футбол қақпасын дәнекерлеп, оны мықтылап бекітуге кірісіп кеткенін байқауға болады. Мәселенің мән-жайын білу үшін «Шығыс» тұрғын үй кешенін салған құрылыс компаниясына хабарластық. Алайда мердігер ұйым келісімшартқа сәйкес баспана тапсырылды, қалғанына меншік иелері бірлестігі жауапты екенін алға тартты.
ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
«Сәулет, құрылыс және қала құрылысы қызметі» туралы заңының 69-бабына сәйкес, құрылыс нысандарына кепілдік беру мерзімі екі жылдан кем болмауы керек. Осыған сәйкес, «Шығыс» тұрғын үй кешеніне қызмет көрсетудің кепілдік мерзімі 2024 жылдың 11 шілдесінде аяқталды».
Бірақ «Шығыс» тұрғын үй кешенінің меншік иелері бірлестігінің бұған қатысты айтар уәжі басқа. Оқыс оқиғаға құрылыс компаниясы жауапты екенін айтады.
ӘЙГЕРІМ ҚҰРМАНБЕКОВА, МИБ ТӨРАЙЫМЫ:
— Құрылыс компаниясы құжат бойынша өткізбегесін, содан көреміз. Ешқашан келіп, тексерген емес. Қалай орнатылған, қатайтылып тұр ма. МИБ абаттандыруға ғана жауап береді, қалғанына әкімдік жауап береді.
6 жасар Ямур биыл мектеп табалдырығын аттауы тиіс еді. Өкінішке қарай, енді сабаққа барудың орнына оны ұзақ оңалту шарасы күтіп тұр. Ата-анасы бұл жазатайым жағдайға кінәлі құрылыс компаниясын жазалауды талап етеді. Және де ауруханадағы барлық шығынды өтесін деп отыр. Бұл іс бойынша полиция тергеуді бастады. Жалпы, футбол алаңының дұрыс бекітілмеуі салдарынан мұндай оқыс оқиғалар жиі болып жататынын айта кеткен жөн. Сондықтан құзырлы органдар ата аналарға ойын алаңдарында балаларын қараусыз қалдымауды сұрайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.