Ақтөбенің Жерұйық ауылы тұрғындары 20 жылдан бері газға қол жеткізе алмай жүр. Көгілдір отынның жоқтығынан елдімекеннен қоныс аударушылар қатары көбейген. Бір қызығы, ауыл Ақтөбеден небәрі 30 шақырым жерде тұр. «Жақын маңнан газ құбыры өтіп жатыр», — дейді мұндағы жұрт. Жобаның сметасы жасалғанымен, бұл елге әлі күнге дейін газ тартылмаған.
Несібелі Балтабаева бұл ауылда 50 жылдан астам уақыт тұрады. Балалары бар, бірақ ешқайсысы мұнда қалмаған. Себебі облыс орталығына жақын орналасқан елді мекенде газ жоқ, жолы нашар, ал жастарға жұмыс тапшы. Жалғызбасты зейнеткер көмір тасып, от жағудан шаршадым дейді.
НЕСІБЕЛІ БАЛТАБАЕВА – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Жасым біразға келді. От жағу қиын. Көмір қымбат. Зейнетақы аз. Менің зейнетақыма төрт-ақ тонна көмір келеді. Ол не болады? Үй үлкен. 6 тонна кетеді, ал менің зейнетақым – 110 мың.
Ауылдағы газ мәселесі алғаш рет 20 жыл бұрын көтерілген. Халық талай рет өтініш жазып, шағым түсіріп, билік өкілдерінің қабылдауына да барған. Бірақ нәтиже жоқ. Алға ауданына қарасты Жерұйық ауылына көгілдір отын әлі тартылмаған.
ӘДІЛБЕК ЖҰМАНИЯЗОВ – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Саздыда газ бар, Ұшқұдықта газ бар, Қарақұдықта газ бар, айналадағы бүкіл ауылда газ бар, бізде жоқ. Біз тоқалдан тудық па? Ауылдың болашағы дейсіздер. Несие бересіз, жылыжай сал дейсіздер, оны немен жағады, газ болмаса?!
Ауыл халқы жылдан-жылға азайып барады. Қазір мұнда 300-дей жан бар. Алты жыл бұрын Жерұйықта жаңа мектеп салынған. Онда бар-жоғы 38 оқушы оқиды. Бірақ қыс мезгілінде оқушылардың жаңа ғимаратта оқуына мүмкіндік жоқ. Себебі үлкен мектепті көмірмен жылыту қиын, іші суық.
Ауылға газ тартуға қажетті жобалық-сметалық құжаттама 2023 жылы жасалған. Сол жылы республикалық бюджетке қаржы бөлуге өтінім берілгенімен, қолдау таппаған. Жергілікті билік бұл өтінімді биыл қайта жіберіпті. Енді жауабын күтіп отыр. Жерұйықты газбен қамту үшін керек қаржы аз емес.
СЕРІК ДӘУЛЕТОВ – ЭТҮКШ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— 2025-2027 жылдарға республикалық бюджетті нақтылау кезінде облыс тарапынан бюджеттік ұсыным ұсынылды. Комиссияның оң шешімін күтудеміз. 1 млрдқа жуық қаражат керек.
Қазір Ақтөбе облысындағы 319 ауылдың 172-сі газға қосылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 200-ге жеткізу жоспарланып отыр. Алайда Жерұйық ауылында биыл да газ болмайды. Сондықтан тұрғындарға тағы да күтуге тура келеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.