Басты рөл бір жарым млн теңге. Киностудияға кастингке балаларын әкелген ата-аналар келеңсіздікке тап болған. Олар балаларының жобаға қатысуы тегін деп ойлаған. Себебі әдетте актерге ақша төленуі тиіс. Бұл қоғамда қызу пікірталас тудырды. Жекеменшік киностудияның амбассадоры, актер Жан Байжанбаев үлкен сынға ұшырады. Осыған қатысты өнер иесі біздің арнаға сұхбат берді.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА – ТІЛШІ:
— Біз қазір түсіру алаңындамыз. Келесі сахналық кадрге дайындық жүріп жатыр. Балалар танымал актер Жан Байжанбаевтың қатысуымен шағын метрлік фильмге түспек. Продюсерлердің айтуынша, бұл туынды баларлар арасындағы мейірімділік, қамқорлық қасиеттерді дәріптемек.
Бірақ белгілі актермен қысқаметражды киноға түсу тегін емес. Мәселен, басты рөлдің бағасы 1,5 млн теңгеге бағаланған. Дәл осы ақпарат жақында желіде қызу талқыланып, ата-аналардың үлкен наразылығын тудырды. Балалар арасында кино кастингін жарнамалаған актер Жан Байжанбаевтың да басы дауға қалды. Сынға ұшыраған өнер иесі жекеменшік киностудияның амбассадоры ретінде жұмыс істеп келеді.
ЖАН БАЙЖАНБАЕВ – АКТЕР:
— Ата-аналар балаларын кастингке әкелгенде менеджерлер оларға бұл жобаның ақылы екенін айтуы керек. Себебі киностудия шығыны көп. Олар сценарист жалдайды. Одан бөлек, түсірілім тобы жұмыс істейді. Заңға қайшы әрекет жасап жатқан жоқпыз. Қалай дегенмен ақылы негізде мұндай жобаға қатысуға келісіп жатқан ата-аналар да аз емес екенін айтқым келеді.
Бізге берген сұхбатында актер бұл коммерциялық жоба, бәрі ақылы түрде жүретінін алға тартты. Алдымен балалар бір жарым айлық актерлік курстарда шеберліктерін шыңдайды, содан кейін ғана қысқаметражды киноға түседі. Туынды кейін ютуб арнасында жарияланады.
ЕСТАЙ ТАСТЕКЕЕВ, КИНОСТУДИЯ ПРОДЮСЕРІ:
— Үлкен студияларда кастингтен өтсе, 100 баладан тек бір бала ғана өте алады, кино қалай түсірілетінін көре алады. Жарнаманың аты – жарнама. Ата-аналар балалармен келгенде менеджерлер ақшаға түсірілетінін айтады. Өйткені біздің спонсорларымыз жоқ. Біз үлкен студия емеспіз. Миллиондаған қаржы бөлінбейді. Біз жекеменшік кішігірім студиямыз. Ата-аналар балалардың оқуына, дайындығына өздері ақша төлейді.
Продюсер Естай Тастекеевтің айтуынша, жобаның мақсаты – киноға түсуге қабілеті мен ынтасы бар балаларды іріктеу, олардың шығармашылығын дамыту. Сондықтан киностудиялар ұсынған коммерциялық жобаға қатысу-қатыспау – әр ата-ананың өз еркі.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.