Биыл елімізде екі ірі теміржол жобасы мерзімінен бұрын аяқталмақ. Сондай-ақ 100 вокзалда жаңғырту жұмыстары аяқталуға тиіс. Бүгінгі Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев теміржол инфрақұрылымын дамыту барысы туралы баяндады. Сондай-ақ локомотив паркін жаңарту, вагондарды жаңарту, саланы цифрландыру мәселесі де сөз болды.
16 мың шақырымға созылған Қазақстан теміржолының 57 пайызы тозған. Күре жол жағдайының бұлайша күрделенуі жөндеу, жаңғыртуды жылдамдату керектігі айтпаса да түсінікті. «Сондықтан тасымал тиімділігі мен тұрақтылығын арттыру үшін 2029 жылға дейін 5 мың шақырым жаңа шойын жол салу мен жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр», -деді Үкімет отырысында Көлік министрі.
НҰРЛАН САУРАНБАЕВ, КӨЛІК МИНИСТРІ:
— Қазіргі кезде 5 жоба бойынша жаңадан құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Олар: «Достық – Мойынты», «Алматы айналма теміржолы», «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар» және «Бақты – Аягөз». Осы жылы мерзімінен бұрын екі ірі жоба аяқталады. Олар: «Достық – Мойынты» учаскесі және «Алматы айналма теміржолы».
Үкімет отырысында көлік министрі теміржол паркін де жаңарту туралы айтты. Жаңарту бағдарламасына сәйкес, 2029 жылға дейін барлығы 456 локомотив сатып алу жоспарланып жатыр. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 100 сапаржайда жаңғырту жұмысы аяқталуға тиіс. Жолаушылар шағымданатын жылжымалы құрам да біртіндеп жаңартылады.
ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:
— Биыл қаңтар айында Астанада жылына жүзге дейін жолаушылар вагонын шығаратын «Stadler Қазақстан» зауыты іске қосылды. Шығарылған вагондар 2030 жылға дейін келісім-шарт аясында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына жеткізіледі. Жыл соңына дейін 51 вагон пайдалануға беріледі. Сондай-ақ биыл Атырау облысында «Тексол Транс» ЖШС-ның жылына 6 мың жүк вагоны мен цистерна шығаратын зауыт іске қосылды.
Үкімет отырысында министр Мәдиев теміржол саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Яғни жолаушыларды интернетпен қамтамасыз етіліп, транзиттік тасымал онлайн бақыланады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.