Ақтөбе облысында қарақұрт қаптады. Улы жәндік әсіресе Мәртөк ауданымен Ақтөбеде көбейіп кеткен. Соңғы бірнеше айда өңірде 8 адам зардап шекті. Ал оның үшеуі – бала. Ахуал күрделі. Сондықтан мамандар қарақұрт шаққан жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну керегі ескертіліп жатыр.
Мугалжар ауданындағы Сағашилі ауылына жақын жерден қарақұрттың ұялары табылды. Тұрғындар биліктен дереу өңдеу жұмыстарын жүргізуді талап етіп отыр. Жағдай Ақтөбенің өзінде де мәз емес.
ГҮЛАЙЫМ ЕСКЕНДІРОВА – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Зиянды жәндік көбейіп кетті. Сондықтан зарарсыздандыруға дұрыстап кірісу керек. Сонда жағдай тұрақталады деп ойлаймын. Мына саябақта балалар көп жүреді. Сондықтан қауіпсіздікке баса мән берген жөн.
Дизенфекция жасайтын жеке компания өкілдері бір сотық жерді өңдеу үшін орта есеппен 12 мың теңге алады. Ал билік өкілдері болса, жағдай қиындаса бірден әкімдікке жүгіну керектігін ескертеді. Мәселен қаладағы Астана ауданы шыбын-шіркей, зиянкестермен өрмекшілерді улауға 27 миллион теңге бөлген. Бірақ, ауылды жерлерде мұндай қаражат жоқ. Дәрігерлер болса, улы жәндіктер адам өміріне аса қауіпті екендігін айтады. Тіпті арты адам өліміне әкелуі мүмкін.
ГҮЛЖАНАТ БИСЕНОВА – ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ УАҚЫТША М.А:
— Биыл бізге бес адам шағымданды. Оның біреуі – жүкті. Науқастың жағдайы ауыр болған соң, Мәртөк ауданынан санавициямен жеткізілді. Уақытында медициналық көмек көрсетіп, аман алып қалдық. Жалпы, қарақұрт шағып алған кезде бас айналады. Тіпті тырысу синдромы болуы мүмкін. Егер адам уақытында ем қабылдамаса, арты өлімге алып келеді.
Сондықтан дәрігерлер аса сақ болуы керектігін ескертеді. Айта кетейік, Қазақстанда 1200-ден астам өрмекші түрі бар. Ал оның ең көп тараған және аса қауіптісі осы – қарақұрт.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.