Өскеменде құтқарушылар радиациялық апат кезіндегі әрекеттерін пысықтады

Өскемен әскери полигонында қазақстандық құтқарушылар алғаш рет радиациялық апат кезіндегі іс-қимылдарын пысықтады. Оқу-жаттығуда төтенше жағдай қызметкерлері зардап шеккендерді эвакуациялап, санитарлық өңдеу пункттерін ұйымдастырды. Сондай-ақ жерді дегазациялау, ғимарат пен құрылысты радионуклидтерден тазартты. Іс-шараға төтенше жағдайлар министрлігі, қорғаныс министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары қатысып, химиялық өндірістердегі төтенше оқиғалар кезінде қолданылатын жаңа санитарлық қорғаныс әдістерімен және биологиялық барлау тәсілдерімен танысты. Шығыс Қазақстан облысында ірі өнеркәсіп орындары, соның ішінде атом энергетикасына қажет кәсіпорын шоғырланғандықтан, іс-шара осы аймақта өтіп жатыр.
ҚАЙРАТ ҚАСЫМ – ТЖМ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС КОМИТЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
— «Талқан – 2025» командалық-штабтық оқу-жаттығулары радиациялық апаттарға ден қоюдың ұлттық жоспары аясында алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл шешім бірнеше жағдайға байланысты қабылданды. Еліміз бен көршілес мемлекетте атом электр станциясы салынатынын ескерсек, қауіпсіздік қағидаты әрқашан қауіп-қатерден озық болуы тиіс деген ұстанымға негізделді.

———————————————