СҚО-да 20 жыл заңсыз жұмыс істеген қоқыс полигоны жабылды

Солтүстік Қазақстан облысында 20 жыл бойы заңсыз жұмыс істеп келген қоқыс полигоны жабылды. Қала іргесіндегі Бескөл және Бәйтерек ауылы маңындағы 4 гектар жер тұрмыстық қалдыққа әбден толған. Енді жақын күндері мұнда рекультивация басталмақ. Айта кету керек полигон Петропавл халықаралық әуежайынан небәрі 7 шақырым жерде орналасқан. Ал талап бойынша арақашықтық 15 шақырымнан кем болмауы тиіс. Әрі ол жиі өртеніп тұрғындардың мазасын қашыратын. Қазір жергілікті билік өкілдері мұнда қоқыс төкпеу керектігін ескертеді. Ал оны елемегендерге 20-дан 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіші) көлемінде айыппұл салынады. Жалпы өңір прокурорлары жуырда 79 қоқыс алаңы жойылды деп жалған есеп бергендерді анықтады. Тексеріс нәтижесінде 13 лауазымдық тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
ГҮЛСІМ КӘРІМОВА, БЕСКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
— Полигон жабылсын деген соттың арнайы шешімі бар. Сондықтан біз оны орындауымыз керек. Қазір ауылдық округ әкімдігі қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін басқа жер учаскесін дайындап, заңдастырып жатыр. Құжат тиісті мекемелерде тіркелгеннен кейін, жұмысын басталады.

———————————————