Алматыда ескі көліктердің орталыққа кіруі шектелуі мүмкін

Экологияны сақтап қалу үшін билік ұсынған батыл бастаманы алматылықтар қызу талқылап жатыр. Әкімдік ескі көліктердің орталыққа кіруін шектеуді ұсынған. Экологиялық класы «Евро-5»-тен төмен машиналар қалаға кірсе, ақы алынуы мүмкін. Ал жиналған қаржыға шенеуніктер ескі көліктерді сатып алып, иелерін жаңасын алуға ынталандырмақ. Әзірге тек сөз жүзінде талқыланып отырған жобаны алматылықтардың бәрі бірдей қолдап отырған жоқ.
Алматы көшелерімен күн сайын жарты миллионнан астам көлік қатынайды. Ресми тіркелгені 700 мыңнан көп. Тағы сонша темір тұлпар мегаполиске жақын облыстардан кіріп-шығады. Бұл – Алматыда тәулігіне бір жарым миллионға жуық көлік жүреді деген сөз. Мамандардың есебі бойынша, бір жылда қала ауасына екі жүз мың тоннадан астам зиянды зат тарайды. Оның жартысы автокөліктен шығып жатыр. Биыл билік жағдайды түбегейлі өзгертпек. Яғни орталыққа ескі машиналардың кіруін шектеу ойы бар. Егер бастама қолдау тапса, 2010 жылға дейін Америкада шығарылған, 2013 жылға дейін Корея мен Жапонияда шығарылған көлікпен орталыққа кіру ақылы болады.

МИРАС ГАЙСИН, ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ҚОРШАҒАН ОРТА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Пилоттық жоба тегін жүзеге асады. Яғни тариф нөл болады, кіруге шектеу жоқ. Біз оны бірқатар магистральді көшеде ғана сынаймыз. Бизнес пен халыққа қандай салмақ түсетінін қараймыз. Жоба нәтижесі шыққан соң, келесі жылдан бастап жекелеген аймақты ақылы ету жоспарда бар.

АЙДАНА ҚАСЕН, «ЭКО АЛМАТЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазіргі таңда қаладағы автокөліктерді, автобустарды дизельді көліктен тек газды немесе электр қолданылатын автобустарға ауыстыруға тырысып жатырмыз. Жыл соңына дейін толығымен 100 пайызға дейін экологиялық таза автобустарға ауысады деген жоспар бар.

Алматылықтардың бұл бастамаға көзқарасы әртүрлі. Бірі экология үшін қолдаса, екіншісі жаңа көлікке шамасы жетпейтінін айтады.

Орталыққа ескі көлік енгізуді шектеуден Алматы алғашқы қала емес. Лондон, Бейжің, Париж және Токио сияқты әлемнің ірі шаһарында ақылы аймақ бұрыннан бар. Бірақ біз мұндай өзгеріске дайынбыз ба?

АРСЕН ШАКУОВ – «ЖАЛПЫ ЖОЛ» ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Алматы әлемдегі ең лас қалалардың қатарына кіреді. Мұндай кезде батыл шара қолдану керек. Класы сәйкес келмейтін немесе түтіндететін көліктердің орталыққа кіруін шектеу – дұрыс шешім деп есептеймін.

Сарапшылар сондай-ақ жоба толық ашық болуы қажет дейді.

ЭДУАРД ЭДОКОВ – ТӘУЕЛСІЗ АВТОМОБИЛЬДЕР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Асығыс шешім қабылдауға болмайды. Барлығы ақылмен іске асуы керек. Жиналған қаржы әкімдіктің сайтында тоқсан сайын жарияланып, қайда жұмсалғаны айқын көрсетілуі тиіс. Ол қаражат тек электромобиль сатып алуға, электрқұю стансаларын дамытуға, жасыл аймақты көбейтуге бағытталсын.

Алматыда көлік азайса, не болатынын қала тұрғындары пандемия кезінде көрді. Ауа әп-сәтте тазарып, қала аспаны ашыла түскен. Бірақ ол кез мәжбүрлі шара болатын. Ал қазір халықтың сұрағы көп: бұл қадам азаматтардың құқығын шектемей ме? Қоғамдық көлік бұған дайын ба? Евро-5 класты машиналар шынымен қауіпсіз бе? Бұнын бәрін кеңінен талқылап барып, дұрыс шешім қабылдаған жөн.

———————————————