Абай облысы Үржар ауданы Бестерек ауылында болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен үш баланың екеуін Астанаға жеткізу үшін санитарлық авиация борты ұшып шықты. Әзірге аудандық стационарда 9 жастағы қыз бала дәрігерлер бақылауында болады. Президент тапсырмасымен науқастарға медициналық көмек көрсету үшін білікті мамандар Үржарға кеше жеткен болатын. Олар бүгін қыз баланың басына ауыр ота жасады. Ал ауладағы балаларды Toyota көлігімен таптап өткен жүргізуші қамауға алынды.
Бестерек ауылында болған жантүршігерлік жол апатына ұшыраған балалар екі отбасынан екен. Қаза тапқан 3 баланың екеуі Жаңғызтөбе ауылынан ата-әжесіне қонаққа келіпті. Аяқ астынан осындай жағдайға душар болып отыр. Аяқ астынан үш жиенінің екеуінен айрылып, үшіншісі ауыр халде жатқан ата-әжесі бұл қайғыдан әлі ес жия алмай отыр. Олардың айтуынша, Toyota көлігінің жүргізушісінің ұстамасы ұстап қалған.
ЕРБОЛАТ СҮЙГЕНБАЕВ – АТАСЫ:
— Шопыр талма ауруы бар талып қалған. Инсульт алған секілді. Әйтеуір кіріп, қақпаның жанында жүрген бір қызды қаққан. Содан кейін қақпаны қаққан. Қақпаның ішінде балалар отырады. Таптап өте шығады.
Көлік таптап өткенде, екі бала дөңгелек пен қақпақшаның арасына қыстырылып қалған. Оларды арнайы техника келіп әрең алыпты.Оқиға орын алғаннан кейін Үржар ауданындағы балаларға медициналық көмек көрсетуге кәсіби мамандар тартылды.
САПАРБЕК СЕЙІТБЕКОВ, «ҰЛТТЫҚ НЕЙРОХИРУРГИЯ ОРТАЛЫҒЫ» НЕЙРОХИРУРГІ:
— Облыстық және республикалық деңгейдегі мамандардан құралған мультидисциплинарлық бригада толық диагностикалық емдеу шараларын жүргізіп, емдеу жоспарын жасады. Балалардың жағдайының ауырлығы алған жарақаттарымен байланысты. Балаларға бас ми жарақаты, тірек-қимыл аппаратының жарақаты, ішкі ағзаларының зақымдануы диагноздары қойылды.
Қазіргі сәтте дәрігер бригадасы науқас қыздың миына күрделі нейрохирургиялық операция жүргізіп жатыр. «Қайғылы оқиғаға себепкер жүргізуші рульде мас болмаған», — дейді полицейлер.
ЕРНАР БАЗАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Орын алған жол көлік оқиғасы бойынша полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады. Жүргізуші ұсталып уақытша ұстау изоляторына қамалды. Медициналық сараптамаға сәйкес оның жол апаты кезінде масаң күйде болмағанын көрсетті. Тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Абай облысының Үржар ауданында жол апатынан зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін Қорғаныс министрлігінің әскери-көлік авиациясына тиесілі С-295 ұшағы бортында медициналық бригадамен аттанған болатын. Оның құрамында нейрохирург, травматолог және реаниматолог бар.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Дәл қазір Үржар ауданынан зардап шеккен екі баланы Астанаға жеткізу үшін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының санитарлық авиация борты ұшып шықты. Науқастарды Астана қаласындағы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жатқызу туралы шешім қабылданған. «Тек жағдайы ауырлау науқастың бірі – 9 жастағы қыз бала әзірге дәрігер бақылауында сол стационарда қалады», — дейді денсаулық министрлігіндегілер.
Еске салсақ, Бестерек ауылында Toyota маркалы көлікті тізгіндеген жүргізуші үй қақпасының жанында, жолдан 10 метр жүрген топ баланы қағып өткен. Екі бала оқиға орнында көз жұмса, біреуі медициналық мекемеге бара жатқан жолда қайтыс болды. Тағы үш бала түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.