«Лексуспен» бес көлікті соққан Сергей Камаев 2,5 жылға сотталды

Қарағандыда атышулы жол апатына қатысты сот процесі аяқталды. Басты айыпталушы – шахтаға арнайы жабдық жеткізумен айналысатын 56 жастағы кәсіпкер. Сергей Камаев былтыр күзде «Лексусымен» қатты жылдамдықта бірден 5 көлікті соққан. Оқиға күндіз қаланың қақ ортасындағы қозғалысы көп көшеде болған. Кейінгі сараптама Камаевтың мас болмағанын көрсетті. Жол апатынан 40 жастағы басқа жүргізуші көз жұмды, ол көліктің ішінен ұшып кеткен. Тағы бір көліктің быт-шыты шыққан. Оның ішінде болған ер адам мен жүктіліктің сегізінші айындағы қарындасы аман қалды. Жарақат алған басқа да адамдар бар. Сотта айыпталушы сол сәтте өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалғанын айтты. Тергеу кезінде ол кінәсін мойындап, зардап шеккендерден кешірім сұрады. Сөйтіп, сот оған 2,5 жыл жаза кесті. Сондай-ақ сотталушы қайтыс болған жүргізушінің жесіріне 11 миллион теңге көлемінде моральдық және материалдық шығын төлеуі тиіс. Дегенмен жол апатынан зардап шеккен басқа жәбірленушілер үкім тым жеңіл деп, апелляцияға бермек.
———————————————