Қыз алып қашқан адам 10 жылға дейін сотталады

Қыз алып қашу салт па әлде Қылмыстық кодекстегі бап па? Некеге мәжбүрлегендер енді сотталуы мүмкін. Биыл заңға осындай өзгеріс енгізілді. Қызды алып қашқаннан кейін бақытты болып кеткен отбасылар көп пе? Психологтар мен заңгерлер не дейді?
Бұл фильмнен үзінді ғана. Бірақ, өкінішке қарай, шынайы өмірде де мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Көп жағдайда қыздың басына орамал жауып, келін болуға көндірумен аяқталады. Ұят болады деп қорқып, еркінен тыс некеге тұратындар аз емес. Айым Қошенованың құрбысы осындай жағдайға тап болған.

АЙЫМ ҚОШЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бір құрбымды Түркістанда өзінен үлкен жігіт алып қашқан болатын. Сол адаммен қазір тұрмыста, бірақ ол адамды жақсы көрмегенін айтады. Бірақ отбасылық өмірде тек балаларымның әкесі деп қарайды. Жақсы көрмей, әйелдің еркінсіз тұрмыс құруы дұрыс емес деп санаймын.
Психологтарға кеңес алуға келетін қыз-келіншектің көбі алып қашудың құрбаны болған. Мәжбүрлі некеге тұрғаннан кейін бақытты болып кеткендері аз. Отбасындағы түсінбеушілік, ұрыс-керістің түп-төркіні ерлі- зайыптының бір-бірін жете танымауынан шығады.

ЕРЖАН МЫРЗАБАЕВ – ПСИХОЛОГ:
— Өз еркінен тыс алып қашқан адаммен қайдағы бақытты, сәтті отбасы. Жақсы тұрып кеткендері аз. Ол үшін де қажырлы еңбекті қажет етеді. Көп жағдайда мұндай отбасылар да тұрмыстық зорлық-зомбылық болады. Қаламайды, бағаламайды. Ол отбасында сенімсіздік болады.

Жас жұбайлардың ақ некесі алдау, зорлық-зомбылықтан басталғандықтан шаңырақтың берекесі де қашады. Психологтардың айтпағы осы.
Биылдан бастап қыз алып қашқандарға жаза қатаңдатылды. Олар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылады.

НҰРГҮЛ МӘЛІК- ЗАҢГЕР:
— Қыз алып қашу екі тарап келіскен жағдайда қылмыс болып есетелмейді. Ал егер келісімсіз алып қашса, ол – нағыз қылмыс. Өйткені әркімнің жеке басынның бостандығы бар. ҚК 125-бабына сәйкес, еркінен тыс алып қашу адам ұрлауға жатады. 4-7 жылға дейін сотталуы мүмкін.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Қыздың келісімін алмастан, баса-көктеп алып қашатындар көбейді. Жалпы, соңғы 5 жылда 257 қыз алып қашу дерегі тіркелді. Бұл тек арыз бергендер ғана. Қылмыстық істердің 95 пайызы сотқа жеткізілмеген. Заңгерлердің пайымынша, қолданыстағы заң мәжбүрлі түрде үйленгісі келетіндерді тәртіпке салуға ықпал етпек.
———————————————